Жаңалықтар

Мәскеуде Ораз-Мұхаммед сұлтанның тарихтағы орнына арналған конференция өтті

14.11.2019

Бүгін, 14 қараша, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде Қазақ елі мен Ресей мемлекеті арасындағы дипломатиялық қатынастардың негізін қалаушы, Жошы әулетінің ұрпағы Ораз-Мұхаммед сұлтанның тұлғасын зерттеуге арналған "Ораз-Мұхаммед Онданұлының қазіргі тарихтағы рөлі" атты еларалық конференция өтті.

Бұл шараға бірқатар ғалымдар, тарихшылар мен этнографтар қатысты. Өз кезегінде конференцияны ашқан Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов ХVII ғасырдың басында, Ораз-Мұхаммедтің қазақ мемлекеті мен Ресей империясы арасындағы дипломатиялық негіздердің құрылуына ерекше үлес қосқаны туралы баяндады.

"Әрбір тарихи дәуір әлемге ұлы адамдар мен әділ билеушілерге, ел мақтан тұтатын тұлғаларға ие болары сөзсіз. Сонымен қатар, адамдар тарихи процестерді ұғып, логикасын түсінуге тырысып қана қоймайды, батыр бабалары жөнінде шындықты білгісі келеді. Ораз-Мұхаммед сұлтандай ерекше тұлғаны терең зерттеп, оған қоса өмірбаяндық материалдар мен оқиғаларын алғашқылардың қатарында өзінің «Аласапыран» атты романына енгізген қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин болды. Ораз-Мұхаммедтің Ресей кеңістігіндегі даңқты істері қазақ жерінде ғана емес, сонымен қатар оның шегінен тыс аймақтарда да танымал болды. Бүгін де оның халық жадында даңқты патшалар мен ұлы хандардың есімдерімен қатар аталуы кездейсоқ емес. Мұның бәрі біздің халықтарымыздың біртұтас рухани жады мен мәдениетін құрайды",  деді дипломатиялық миссияның басшысы.

Ресей ғылым академиясының әлеуметтік ғылымдар туралы ғылыми ақпараттар институтының Өркениеттерді салыстырмалы зерттеу орталығының жетекшісі Илья Зайцев өзінің зерттеулерінің нәтижелерін Қасымов қаласының тарихымен, атап айтқанда, Ресей ғылым академиясының мұрағатында сақталған деректермен таныстырды. Ғалымның айтуынша, дереккөздердің негізгі қорын XIX ғасырдағы орыс шығыстанушысы Вениамин Зернов ғылыми айналымға енгізген. Ол Қасымов патшалары мен князьдері туралы төрт томдық зерттеу жариялаған. Бұл жұмыста негізгі құжаттар, оның ішінде Ораз-Мұхаммед туралы деректер келтіріліген.

"Қазақстан мен Ресей - жақын елдер және әрқашан жақын болды. Біздің дипломатиялық қатынастарымыз XVI ғасырда пайда болды. Мен олар әрдайым бейбіт болғанын, бізде ешқашан ашық қақтығыс болмағанын айтамын. Ораз-Мұхаммед туралы сөз қозғасақ, ол белгілі бір рөл атқарды, ол қазақ ішіндегі Шыңғыс хан ұрпағының өкілі болған. Ресейдің азаматтық соғыс отына оранған кездегі ауыр кезеңдердегі оқиғаларда маңызды рөл атқарды",  деді Зайцев.

Халықаралық бизнес университетінің әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессоры Мұрат Әбдіров Ресейдің үлкен еуразиялық держава ретіндегі үш билеушінің: Сібір ханы Кучум, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед және Ноғай ханзадасы Петр Урусовтың пайда болу тарихындағы түркі іздері туралы ерекше тоқталды.

"Ораз-Мұхаммедтің өмірінің соңғы беттері құпияға толы. Оның ұлы Лжедмитрий II-шіге әкесінің оған қарсы жоспар құрып жатқанын айтты деінген. Алайда, бұл факт пе, жоқ па, соны айту қиын. Біз бұл нұсқаның түп тамыры қайда екенін білмейміз. Неліктен ұлы әкесін сатты? Тарих үнсіз және біз бұл туралы ешқашан білмейтін шығармыз",  деп қорытындылады профессор.

Жат жерде жүрсе де, орыс патшасына бағынышты аймақта хандық құрған тарихи тұлға жайында келесі болып сөз алған Ресей ғылым академиясының Орыс тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Андрей Беляков болды. Ол Ораз-Мұхаммедтің Сібірге келуі дипломатиялық байланыстарды бастау үшін емес, басқа да себептер бар екенін туралы пікір білдірді.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов Ораз-Мұхаммедтің Қазақстан мен Ресей тарихында бірдей маңызды тұлға екендігіне назар аударды.

"Ораз-Мұхаммед  әйгілі сұлтан. Түркістанның тумасы, 16 жасында Мәскеуге кіріп, өзін көрші екі мемлекет арасындағы тату-тәтті, дипломатиялық қарым-қатынастардың негізін құрған мемлекет қайраткері ретінде және білікті әскери жетекші ретінде нық дәлелдеді",  деді Қабылдинов.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің ғылыми қауымдастығының өкілдері екі елдің тарихына арналған соңғы ғылыми басылымдармен алмасты.