Жаңалықтар

Ресейде қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммедке ескерткіш тақта орнатылады

13.11.2019

Ресей Федерациясының Рязан облысы Қасымов қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалды тақта орнатылады.

Салтанатты шара 15 қараша күні Ресейдің мәдени мұралар нысанына енген Ауған-Мұхаммед сұлтанның кесенесіне жақын жердегі Ескі татар зиратында өтеді.

Қасым хандығын басқарған Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақта орнату идеясының авторы – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов. 

Рязан облысының әкімшілігі, Қазақстан Республикасының басшылығы Қазақстан дипломатиялық өкілдігімен бірлесіп, қазақтың әйгілі сұлтанын еске алуға арналған шаралар ұйымдастыруда. Бұл, туристер мен тарихқа қызығушылығы жоғары азаматтар үшін керемет нысандардың бірі болары сөзсіз.

Мемориалдық тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылды. Ескерткіштің биіктігі үш метр, төбесіне доғал күмбез орнатылған. Естелік тақтаға "Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым хандығын билеуші" деп жазылған.

2019 жылдың қазанында Қазақстан жұртшылығы Ораз-Мұхаммед сұлтанның туғанына 447 жыл толуын атап өткен болатын.

Мамандар Қасым хандығының мәдениеті мен тарихын бірегей деп санайды. Бұл ерекше мемлекет XV ғасырда құрылған. Ол бірнеше ғасыр бойы Мәскеу мемлекетінің мүддесі аясында болып, орыс тарихының көптеген оқиғалар барысына ықпал еткен.

Еске сала кетейік, Ораз-Мұхаммед сұлтан Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның тікелей ұрпағы, Тәуекел ханның інісі Ондан сұлтанның ұлы. Ол өз заманында орыс патшасына бағынышты аймақта хандықты билеп, қазақ сұлтандарының арасында шет елде үлкен абыройға ие болған әйгілі тарихи тұлғаның бірі.

Ораз-Мұхаммедтің ерлігі мен өмірі туралы көптеген деректерді жат жерде сұлтанның сенімді серігіне айналған шежіресі Қадырғали Жалаири жазып қалдырған. Жазушы Мұхтар Мағауиннің "Аласапыран" атты тарихи романында қазақ сұлтанының қайраткерлігі, парасаттылығы мен қаһармандық келбеті шебер суреттеледі.