Жаңалықтар

Итальяндық бизнес-қоғамдастыққа Қазақстанмен инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықтың мүмкіндіктері ұсынылды

5.11.2019

Ресей астанасында "Орталық Азия: итальяндық компаниялардың Әзербайжан, Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы перспективалары мен мүмкіндіктері" атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Ресейдегі итальяндық өнеркәсіпшілер қауымдастығымен, "Павио и Ансальдо" заң компаниясымен және РФ-тегі Италия Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты Ресейде жұмыс істейтін итальяндық компаниялардың аталған елдерде қызмет ету перспективаларымен таныстыру болды. 

Ұйымдастырушылардың шақыруымен дөңгелек үстелде біздің елімізді Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Олжас Исабеков өкілеттік етті. Сонымен қатар, іс-шараға "Астана" Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Саясат жөніндегі бас кеңесшісі Амина Тургулова қатысты.

Қазақстандық дипломат өз сөзінде жиналғандардың назарын Италия Қазақстанның Еуропалық кеңес елдері арасындағы ірі сауда әріптесі және еліміздің экономикасындағы жетекші инвесторлардың бірі болып табылатындығына аударды.  

О.Исабеков қазақстандық экономиканың химия, мұнай-химия, туризм, логистика, машина жасау, фармацевтика, тамақ өнімдерін өндіру және т.б. салаларының айтарлықтай іскерлік мүмкіндіктерін атап өтті. Бұл ретте, инвесторлар үшін мысалға корпоративтік табыс және жер салықтарынан босату секілді мемлекеттің қарастырған маңызды артықшылықтары айтылды.

Қазақстанның арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарындағы инвестициялық қызметтің әлеуеттері туралы ақпарат аудиторияның қызығушылығын тудырды.

Дөңгелек үстел барысында қазақстандық өкілдер АХҚО қызметіне ерекше көңіл аудартты. Итальяндық бизнесмендер Орталықтың ҚР-дың жағымды инвестициялық ахуалын қалыптастыруда ауқымды үлес қосып отырғанын ескере отырып, бұл жобаның Орталық Азия мен Кавказ үшін бірегейлігіне назар аударды.

Италияның Қазақстанда жұмыс істейтін іскерлік қоғамдастығының өкілдері еліміздегі қызметінің әсерлерімен бөлісті. Бизнесмендер қазақстандық тараптың инвесторлар үшін неғұрлым оңтайлы жағдайлар жасап отырғаны туралы ортақ пікірге келіп, Қазақстандағы іскерлік мүмкіндіктерді егжей-тегжейлі зерделеуді ұсынды.

Іс-шаралар қорытындысы бойынша біздің елімізде нақты жұмыс істеу жөнінде бірқатар компаниялар қызығушылығын білдірді және олармен СІМ өкілі жеке кездесулер өткізді. Итальяндық бизнесмендерді индустриалдық парктерді дамыту, мұнай-химия, халықаралық көлік логистикасы секілді және т.б. салалардағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қызықтырды.