Жаңалықтар

23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесі өтеді

13.09.2019

Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесі Қазақстан Республикасының елордасы – Нұр-Сұлтанда 2019 жылғы 23-24 қыркүйекте өтеді.

Тақырыбы: "Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік".

"Еуразиялық экономикалық одақты, Жібек жолының Экономикалық белдеуін және Еуропалық одақты XXI ғасырдың бірыңғай интеграциялық жобасына біріктіретін Үлкен Еуразия идеясының айналасына шоғырланатын уақыт жетті" деп атап өтті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында.

IV Кеңеске қатысушыларға Еуразиялық кеңістікті тұрақты дамытуды қамтамасыз етудің ортақ көзқарастары мен жолдарын талқылау және пысықтау ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі, Ресей Федерациясы Федеральдық Жиналысының Мемлекеттік Думасы және Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясы парламентаралық форумды бірлесіп ұйымдастырушылар ретінде шықты.

60-тан астам елдің парламенттік делегациялары мен 16 халықаралық ұйым өкілдері ауқымды халықаралық жиынға қатысатындарын растады. 

Осы өте маңызды әрі ауқымды парламенттік шара Қазақстанда бірінші рет өткізіліп отыр. Басты мақсат – еуразиялық мемлекеттердің заңнамалық органдары басшыларымен жан-жақты диалог орнату, өзара сенімді нығайтып, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту. Форум аясында жоспарланып отырған көптеген екіжақты кездесулер мен талқылаулар, пікір алмасулар,  әр елдің Парламент өкілдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, өз халықтарының әл-ауқатын көтеруге үлес қосуға ықпал етпек.