Жаңалықтар

Ресейдегі Қазақстан мәдениеті күндері концертпен аяқталды

12.09.2019

Ресейдегі Қазақстан Мәдениеті күндері қазақстандық музыканттардың П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының сахнасындағы концертімен қорытындыланды.

Мәскеу жұртшылығы Қазақстанның "Forte Trio" мемлекеттік триосы және халықаралық байқаулардың лауреаты Әмір Тебенихиннің (фортепиано) өнеріне тәнті болды.

Концертте Н.Меңдіғалиевтің "Домбыра туралы аңызы", Ференц Листің си-минор сонатасы, А.Пьяцолланың туындысы, А.Жайымның "Көрұғлы" поэмасы орындалды.

"Біз Мәскеуге жиі келіп концерт қоямыз әрі ресейлік музыканттарды тыңдап, құлақ құрышын қандырып қайтамыз. Бұл жерде өнер көрсету – үлкен жауапкершілік әрі орасан зор әсерге бөлейді", – дейді "Қазақконцерт" мемлекеттік концерт ұйымының көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев.

Еске сала кетейік, 7-11 қыркүйек күндері Мәскеуде Қазақстан Мәдениеті күндері өтті. Оның аясында эстрадалық концерт, кітап көрмесі болып, қазақ кинематографының үздік туындылары көрсетілді.