Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары басталды

11.09.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына екікүндік мемлекеттік сапары ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жөніндегі басқарушы топ Канцеляриясының бастығы Ян Цзечимен кездесуден басталды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ян Цзечи мырзаны бұрыннан білетінін, оның ҚКП сыртқы істер министрі лауазымындағы табысты қызметімен бұған дейін де жіті таныс екенін атап өтті. Президент бұл сапардың Қазақстан үшін өте маңызды екенін де айтты.

– Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мемлекет деп есептейміз. Сондай-ақ, әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел екенін де негізге аламыз.  Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді. Біз Қазақстанның Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен халықаралық аренадағы басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қытай мемлекетіне ризашылық білдіреміз. Экономикалық ынтымақтастыққа келер болсақ, оның стратегиялық сипаты бар. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Төраға Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластықтар одан әрі дами береді, – деді Мемлекет басшысы.

Ян Цзечи Қасым-Жомарт Тоқаевты биылғы маусымда Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады. Оның айтуынша, сайлаудағы жеңіс – Қазақстан халқының жоғары сенімінің көрсеткіші. Ян Цзечи Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікке тың серпін беретінін мәлім етті. 

Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара сенім мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген тату көршілік қарым-қатынастардың қалыптасу тарихын атап өтті.

 Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика саласындағы  аса ірі серіктестерінің бірі. Мұның айқын дәлелі – елдеріміз арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4% артып, 12 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Біз бүгінгі Іскерлік кеңестің 6-отырысын екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық әріптестіктің зор әлеуетін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды шара деп есептейміз, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық ахуалын мейлінше қолайлы етуге бар күш-жігерін жұмылдырып отырғанын айтты.

– Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі бойынша Қазақстан әлемдегі 190 мемлекеттің ішінде 28-ші болып, алғашқы отыздыққа кірді. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің экономикасына 300 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қытайлық бизнесмендерді «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қаржылық іс-қимылдарын белсенді пайдалануға шақырды, сондай-ақ оның осы аймақтағы бірегей институт екенін және қазірдің өзінде Қаржы орталығына 250-ден астам компания тіркелгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы көлік дәлізін құруға және дамытуға зор мүмкіндіктер беріп отырғанына ерекше назар аударды.

– Қазақстан арқылы Қытай және Азияның басқа да елдерін Еуропамен, сондай-ақ Таяу Шығыспен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автокөлік жолы өтеді. Бұл Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді.

Ал, теңіз жолы арқылы 2-3 есе көп уақыт жұмсалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасымен үндеседі. Мемлекет басшысы ортақ күш-жігеріміздің арқасында Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, қалпына келтіре аламыз деген сенім білдірді.

Мемлекет басшысы өзінің сөзінде, Қазақстанның инновация мен заманауи технологияға негізделген жаңа экономиканы дамытуға баса мән беріп отырғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін жоғары технологиялық өндірістердің, сондай-ақ 4.0 Индустриясының стратегиялық мән-маңызы айрықша екенін айтты.  Мемлекет басшысының пікірінше, бұл саладағы екі жақты кездесулер, соңғы жылдары Қытайдың жаңа технологияларды дамыту және енгізу жөнінен бүкіл әлем мойындаған көшбасшы елге айналуымен де маңызды.

– Біз қытай компанияларымен бірлескен инновациялық кәсіпорындар мен ІТ-орталықтар құруға мүдделіміз. Елордамыз Нұр-Сұлтанда «Астана Хаб» ІТ-стартаптарының халықаралық технопаркі ашылды. Мұнда Big DATA, интернет заттар, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және суперкомпьютерлер бағыттары бойынша әзірлемелер қарқынды дамуда. Бұл технопарктің жұмысына қатысушылар үшін жеңілдетілген визалық, еңбек және салық режимдері қарастырылған, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор салаларының бірі ретінде ауыл шаруашылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай нарығының ауқымы үлкен екенін және еліміз үшін осы экспорт бағыты бойынша зор мүмкіндік ашылатынын айтты.  .

– Баршаңызға мәлім, Қазақстан жоғары сапалы бидай экспорты бойынша әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарына кіреді. Былтыр Қытайға экспортталған бидай көлемі 550 мың тоннаға жетті. Бидай экспортының көлемін 3,5 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Қазақстан тұзын халықаралық нарықтарға экспорттау көлемі артып келеді. Біз Қытайға жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын жеткізуге әзірміз. Сонымен қатар қытай нарығына сүт өнімдерін, құс етін, сиыр етін, қой етін, шошқа етін, ұн, дәнді және бұршақ, сондай-ақ майлы дақылдар жеткізуге дайынбыз. Біз экологиялық таза азық-түлік өндірісін ұлғайтып, Қытай нарығына шығаруға ниеттіміз, – деді Президент.  

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселесін қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, қытайлық инвесторларды серіктес болуға шақырды.

Соңында Президент Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесін дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту үшін берік негіз қаланғанына сенім білдірді.

Пленарлық мәжіліс барысында «CITIC Group» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің Қытай тарапынан тең төрағасы Чан Чжэньмин, «Самұрық Қазына» АҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің Қазақстан тарапынан тең төрағасы Ахметжан Есімов, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов сөз сөйледі.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан тарапының өкілдері қытайлық бизнесмендермен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР іскерлік орта өкілдерімен кездесті.

Іскерлік ортамен жиынның ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан мен Қытайдың 27 жылдық ынтымақтастығының нәтижесінде екі ел арасында қарым-қатынас нығайып, жан-жақты стратегиялық әріптестік қалыптасқанын айтты. Бұған екі елдің жоғары деңгейде сенімді диалог орнатуы негіз болғанын да тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде екі мемлекет арасындағы байланыстың нығаюына Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің достығы зор үлес қосқанын да баса атап өтті.

Президент Қазақстан мен Қытайдың экономикалық ынтымақтастығының болашағы зор деп есептейді. Екі жақты әріптестіктің басым бағыттарын атап өткен Мемлекет басшысы екі елдің бизнес-өкілдері болашақта атқаратын жаңа міндеттерге де тоқталды.

Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта инновациалық және ғылыми-техникалық бағыттарға зор ықылас бөлу керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, ол аталған бағыттарда Қазақстан Қытаймен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін де жеткізді.

Президент туризм саласы бойынша да ой қозғап, өзара іскерлік байланыс пен рекреациялық туризм үлкен қарқынмен дамып жатқан Қазақстанға қытайлық туристерін тартуға да мол мүмкіндік барын айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы көрші елдің іскерлік ортасын Қазақстанда қытайлық 5А стандарттарына сәйкес туристік орталықтар салуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржы саласындағы қарым-қатынастың мүмкіндігі зор екеніне тоқталды. Бұл мәселеде «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды рөл атқаратынын еске салды. Президент «Астана» ХҚО базасында RMB Connect механизмі құрылатынын жетізді.

– RMB Connect жобасы юаньмен инвестициялар салуға мүмкіндік береді. Жаңа экожүйе Қытай юанінің әлемге таралуына елеулі үлес қосатынына және Қазақстан кәсіпорындары мен өңірдегі өзге елдер үшін юаньмен операция жасау бойынша жаңа есеп айырысу-клиринг орталығына айналатынына сенімдімін,–  деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда «Бизнеске арналған үкімет» (Government to Business) форматындағы өзара іс-қимыл іскерлік ынтымақтастықты жандандырудың пәрменді құралдарының бірі болып табылатынын атап өтті.

Президент айтқандай, бұл кездесу Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық әріптестігін тереңдетуге нақты қадам болады.

Дөңгелек үстел барысында ірі қытай компанияларының өкілдері, оның ішінде «China General Technology (Group) Holding Co., Ltd» бас директоры Лу Иминь, Қытай экспорт-импорт банкінің вице-президенті Нин Юн, Қытай-Еуразиялық Экономикалық Ынтымақтастық қорының Басқарма Төрағасы Чжан Шили, «China Construction Bank» Бақылау кеңесінің төрағасы Ван Юнцин, «COFCO Group» вице-президенті Луан Жичэн, «Anhui Jianghuai Automobile Co., Ltd» Ань Цзинь және басқалар сөз сөйледі.