Жаңалықтар

Әрбір қатысушы – жеңімпаз!

11.07.2019

Ресей астанасында «Х Бүкіләлемдік жеңімпаздар ойыны» атты спорттық сайыс өтті. Бұл дода онкология ауруынан аман қалған бүлдіршіндер арасында жыл сайын өткізіліп келеді. Қазақстаннан қатысқан делегация биылғы сайыстан жүлделі оралды.

Өткен аптаның Мәскеудегі «ЦСКА» спорттық алаңы үшін орны ерекше. Осы аренада өткен «Жеңімпаздар ойыны» өз туының астында әр елден келген 500-ден астам баланы жинады.

- Онкология аурынан сауығып шыққан жігерлі бүлдіршіндер үшін, бұл ойындар көңіл-күйлерін көтеріп, әсерлі естелік болып қалу үшін өткізіледі. Олардың барлығы біз үшін, әлдеқашан жеңімпаз аталып үлгерген, - деді шара ұйымдастырушысы, «Подари жизнь» атты қордың құрылтайшысы Дина Корзун.

Биыл оныншы рет өтіп жатқан сайысқа қатысушылар: Ресей, Қазақстан, Түркия, Украина, Литва, Венгрия, Болгария, Қырғызстан және басқа да елдерден келді. Әдеттегідей бағдарламада: жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, шахмат, тіпті пневматикалық қарумен ату сынды спорттық ойындар бар. Білімге құштар балалар өз кезегінде, көптеген Ресей әртістері мен мамандары өткізген шеберлік сағаттардан тәлім алды.

Ал шілденің 6-сы күні, барлық жарыстар тәмам болған соң, басты аренада салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Қазақстаннан қатысқан балалар құр қол қайтқан жоқ. Осы сайыста көрермендерді өз өнеріне тәнті қылған алматылық 123 мектеп-гимназиясының оқушысы Бисұлтан Бердібайді атап кетуге болады. 8 жасар Бисұлтанның өзі ғана: жүгіруден – алтын, футболдан – күміс, ал шахматтан – қола медальдарін қанжығасына байлады.

Марапаттау салтанатын жүргізген актриса Яна Чурикова айтқандай:
- Осындағы балалардың барлығы мен үшін бірдей. Барлығы да мықты. «Жеңімпаздар ойындарында» саясат пен бәсекеге орын жоқ, біздің ұранымыз: «Ауру тарихынан кейін, жеңістер тарихы басталады!».