Жаңалықтар

"Мұзбалақ" мультфильмі Ресейде өтетін кинофестивальге қатысады

5.07.2019

Режиссер Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Мұзбалақ» анимациялық фильмі 7-14 шілде аралығында Ярославта, Ресейде өтетін 14 ХКФ «Отбасымен бірге» конкурстық бағдарламасында көрсетіледі, деп хабарлады «Қазақфильмнің» баспасөз қызметі. 

«Мұзбалақ» анимациялық фильмі қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті және адам мен бүркіт арасындағы достық туралы баяндайды. 

"Ярославтағы фестивальға «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің қатысуы біз үшін өте маңызды. Біз қазақ анимациясын әлемге танытып жатырмыз. Үлкен жетістіктер күтеміз", - деді «Қазақфильм» АҚ анимациялық бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілдинов. 

«Отбасымен бірге» кинофестивалі дәстүрлі түрде отбасылық және балаларға арналған үздік фильмдерді ұсынады. Кинофестивальдің басты мақсаты – отбасы, мейірімділік, махаббат, адамгершілікке тәрбиелейтін фильмдерді танымал ету. Әр жыл сайын фестиваль ұйымдастырушылары жаңа қалаларды таңдап, ерекше конкурстық және ойын-сауық бағдарламаларын дайындайды. Қазылар алқасына ресейлік және шетелдік киноөнер майталмандары шақырылады. 

Естеріңізге сала кетейік, «Мұзбалақ» былтыр ҚР Кинематографистері Одағының «Құлагер» жүлдесінде, «Үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Сонымен қатар, XVII «Алау рухы» Халықаралық кинематографиялық дебюттер кинофестивалінің балалар және жасөспірімдер фильмдері конкурстық бағдарламасына қатысқан (Ханты-Мансийск, РФ). 
Картина былтырғы күзде қазақстандық прокатта болды.