Жаңалықтар

Баршаңызды Елорда күнімен құттықтаймыз!

6.07.2019

Құрметті астаналықтар! 

Баршаңызды Елорда күнімен құттықтаймыз!

Біздің сүйікті қаламызға 21 жыл. Өзінің қысқа ғана жолында Нұр-Сұлтан көп жетістікке қол жеткізді, көптеген оқиғалардың куәсі болды. Тарихына тағы бір жас қосқан елорда, одан сайын көркейген қонақжай қала болып келеді. Қарыштап дамыған жас қаланың бүгінгі келбетіне тамсанбайтын жан жоқ. 21 жыл дегеніміз – ол нағыз гүлденетін шақ, биік белестерді бағындырар кез.

 

Қалыптасқан дәстүр бойынша – туған күн мерекесінде ең әдемі көркінді паш етесін. Міне, біздің қаламыз да жазғы жарқын келбетімен әр тұрғыны мен мейманын сүйсіндіруде. Елорда күні мерекесіне орай жүздеген шаралар өткізіледі, мыңдаған қонақтар әр облыс пен шет елдерден сый-сияпаттарын асығып жеткізуде. Астана - туған күнін жаңа есімімен қарсы алса да, жайлығы мен жарқын көңілі сол қалпында.

Сіз де сүйікті қалаңызды құттықтауға жанұяңызбен, барша ағайын-достарыңызбен жиналыңыз! Қуанышты бөліссе көбейтетін қазақ халқы өз астанасының қалыптасқанының куәгері болып, осы зор жобаның жүзеге асқаның көзбен көру бақытына ие болып келеді.

Үшінші онжылдыққа қадам басқан Нұр-Сұлтанның көз сүріндірер келісті келбеті күн санап жасарып, гүлдене түсуде. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, мәдениет және демалыс орындары көбейіп келеді. Жаңаша қарқын алған құрылысымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен сырттан келушілердің назарына ілініп, шетелдіктерді таң қалдыруда. Сайын Сарыарқаның төсінде әлемдік деңгейдегі фестивальдер саны жылдан-жылға артылып келеді. Қазіргі таңда астанада 10 саябақ, 4 бульвар және 95 сквер тұрғындар демалысын мәнді де сәнді етуде. Қала ішінде 700 мыңнан аса, ал «Астананың жасыл белдеуі» атты жобасы нәтижесінде сырт аймақтарда 2,1 млн. ағаш отырғызылды.

Елорданың басты байлығы – ол тұрғындары және олардың жетістіктері. Өткен жылда астаналықтар көптеген ғылыми, спорттық және басқа да жеңістермен әлемге танылды. Бүгінде, әрбір қала тұрғыны, бұл мейрамды өзінің туған күніндей тойласа екен дейміз. Себебі, елорда – біздің ортақ үйіміз. Біз Қазақстанның жүрегі мәңгі соғып, бас қаласы одан әрі гүлдене берсін деп тілейміз! Сіздерге бақытты да баянды өмір, зор денсаулық, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, құт-береке тілейміз. Сүйікті қаламыз көркейе берсін!