Жаңалықтар

Омбылық оқушылар қазақ ауылында бір күн болып қайтты

20.06.2019

Павлодар облысында Ертіс ауданы Северный жалпы орта білім беру мектебінің "Күншуақ" жазғы сауықтыру лагері Омбыдан келген балалардың қатысуымен "Бір күн ауылда" іс-шарасын ұйымдастырды

Северный жалпы орта білім беру мектебінің "Күншуақ" жазғы сауықтыру лагері жұмысының жоспары бойынша ұлттық мәдениет және қол өнер апталығы өткізілді. Апталықтың мақсаты – ұмыт болып бара жатқан қазақтың салт дәстүрін, әдет ғұрпын біздің болашақ ұрпағымызға насихаттау болып табылады. Осы бағытта Омбы қаласы №97 мектебі окушыларының қатысуымен "Бір күн ауылда" шарасы қолға алынды.

Алдымен мектеп оқушылары ауылдың тоғайына барып, шалғымен шөп шабуды үйренді. Ағайынды Жүсіповтер балаларға атқа міну дәстүрін көрсетіп, бірнеше балалар атқа мінді. Бұдан кейін бір топ қыздар Ирина Полтарактың үйіне барып бұрынғы кездегі біздің әжелерімізден қалған ағаштан жасалған күбіде май пісу тәсілімен танысты.

Ауылдың қадірменді тұрғыны Мәриям әже балаларға нан және құрт пісіру әдісін көрсетті. Бір күн ауылдың тіршілігін көрген балалар самауырынның шайы, сары май, ақ жаулықты әжеміздің қолымен иленіп, үй ошағында піскен нанның берекелі екеніне көз жеткізді. Балалардың айтуынша, нан өте дәмді және дүкеннің нанымен салыстыруға келмейді. Сапар балалардың әжемізден ақ бата алуымен аяқталды.

Айта кетейік, Омбы қаласы №97 мектебі мен Ертіс ауданының екі мектебі өзара әріптестік жөнінде келісімшарт жасасқан болатын. Бұл жолғы сапарда Омбыдан 10 оқушы келді. Енді 23 маусым күні Ертіс аудынының 10 оқушысы Омбы қаласына барады.