Жаңалықтар

"Ұлы дала мұрагерлері" экспедициясы Ресейден құнды деректер жинастырып қайтты

24.05.2019

"Ұлы дала мұрагерлері" экспедициясы Ресейдің бірнеше өңірінде болып, Қазақстан тарихына қатысты құнды деректер жинастырып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жорықты ұйымдастырған "Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры" жеке қорының директоры, өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың айтуынша, оншақты күнге созылған экспедиция сапар барысында Астрахан, Пятигорск, Ялта, Бақшасарай қалаларында болды.

Басты мақсат – Қазақстан тарихында ерекше орын алатын Бөкей хандығының өткенін түгендеу. Мысалы, Астрахан қаласында 1812 жылдан губернатор болған Степан Андреевскийдің (1760-1818) үйі бар. Бөкей хан ұлы Жәңгірді еуропаша білім алуы үшін бала кезінде осы губернатордың тәрбиесіне берген болатын.

Сондай-ақ Пятигорск қаласында Кавказда қызмет еткен, өмірінің соңғы жылдарында Кисловодск бекінісінің коменданты болған генерал С.Мерлинидің (1775-1833) жесірі Екатерина Мерлинидің үйі бар екен. Жәңгір хан Фатима ханша екеуі осы үйде аялдап, емделген.

Ал Ялтада князь Шыңғысханның (Ғұбайдолла Жәңгіровтің) үйі сақталған. Жәңгір ханның қос ұлы, полковник Ахметкерей мен қазақтан шыққан тұңғыш кавалерия генералы Ғұбайдолла Жәңгіров өмірінің соңғы жылдарын осында өткізген.

"Бақшасарайда орналасқан музейде Бөкей мен Жәңгірдің хан ретінде таққа отырған сәтінде сыйға тартылған қылыштары сақталған екен. Елге тарихи құжаттар, фотосуреттер, кітаптар әкелінді. Экспедиция нәтижесі бойынша кітапша әзірленетін болады", деді тілшісіне А.Құрымбаев.

Айта кетейік, экспедиция құрамында сондай-ақ суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бекжан Жұмабаев, қазақ ұлттық музыкалық аспаптарын жасау шебері Жанпейіл Сейтақов, "Легкий казахский" кітабының авторы Артур Нұрмұхамбет болды.