Жаңалықтар

Ресейлік ірі компания АХҚО биржасының ресми тізіміне енгізілді

17.04.2019

Ресейдің "Полиметалл" компаниялар тобы "Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасының ресми тізіміне енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"АХҚО биржасындағы листинг Полиметалдың Қазақстандағы қызметінің алғашқы 10 жылдығымен тұспа-тұс келген айтулы сәт. Бұл акцияларымызды жергілікті инвесторлар үшін анағұрлым тартымды әрі қолжетімді етеді және бізге акционерлер базасын кеңейтуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз", – деді "Полиметалл" компаниялар тобының атқарушы директоры Виталий Несис.

Осы ретте ол бұл алғашқы қадам ғана екендігін атап өтті. "Біз кеше Алматыда инвесторлармен кездесу барысында мәселелерді талқыладық. Егер сұраныс болып жатса, онда орналастырылатын акциялар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар", – деді ол.

"HalyкFinance" компаниясының өкілі Мұрат Темірхановтың айтуынша, Полиметаллдың листингке енгізілген акцияларының көлемі 10 млн. долларды құрайды. "Біз қор нарығының кәсіби қатысушысы ретінде мұны маңызды оқиға деп санаймыз. Себебі бізде капитал нарығы әлі де даму процесінде тұр. Өткен жылы "Қазатомөнеркәсіп" сауда-саттығының ұйымдастырушысы болдық. Ол кезде жағдай мүлдем түсініксіз еді, нарық құлдырап, уран сатылымы нашарлап кеткен болатын. Тіпті сондай әлсіз маркетингтің өзінде сатылым 64 млн долларды құрады. Сондықтан Қазақстанда инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік бар деуге болады", – деді М.Темірханов.

Айта кетейік, 2009 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істейтін Полиметалл Шығыс Қазақстан облысында "Қызыл" және Қостанай облысында "Варваринское" жобаларын жүзеге асырып жатыр. Бұл компания тобында елімізде 2500 адам жұмыс істейді. Өткен жылы Полиметаллдың Қазақстандағы активтері 238 мың унция алтын өндірді.