Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент өкілеттігін атқаруға кірісті

20.03.2019

Парламент палаталарының бірлескен отырысында сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, келесі президент сайлауына дейін мемлекет басшысы болды.

Бүгін қос палатаның бірлескен отырысында сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде Қазақстан халқына ант берді. Осы сәттен бастап ол президент қызметіне ресми түрде кiрiскен болып саналады.

Қазақстан Республикасының Туы мен Конституциясы бірлескен отырыс өтетін залға салтанатты түрде жеткізілді. Залға жиналғандар Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ду қол шапалақпен қарсы алды. Қазақстан Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Контитуцияның 42-бабына сәйкес президент өкілеттігі қалған мерзімге сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшетінін мәлімдеді. 
Осыдан кейін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып, салтанатты түрде ел халқына ант берді.

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", – деді Тоқаев.

Еске сала кетсек, кеше Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика халқына арнаған үндеуінде президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеген еді. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін сенат төрағасына беріледі. Осылайша Қазақстан президенті міндетін уақытша атқару сенаттың қазіргі төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелді.

Елбасы өз мәлімдемесінде Тоқаевтың ел экономикасы мен саясатынын жақсы білетінін атап өтіп, Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат екеніне сенетінін айтты.

Айта кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның қауіпсіздік кеңесі мен "Нұр Отан" партиясының басшысы болып қала береді. Қазақстандықтар президенттің отставкаға кетуін әртүрлі қабылдады. Бірі отыз жылдай ел басқарған Елбасыны қимайтынын айтса, енді бірі бұл күннің ерте ме, кеш пе болатыны анық еді деп жатыр.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына сәйкес 2019 жылғы 20 наурыздан бастап Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін атқаруды тоқтатты.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі ҚР заңнамасында бекітілген мерзімдерде өтетін келесі президенттік сайлауға дейінгі қалған мерзімге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ-Ж.К.Тоқаевқа Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап көшті.

"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі N 83-ІІ ҚР Конституциялық заңының 1-бабының 2) тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарихи миссиясына байланысты өмір бойы:

– Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару;

– Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесін басқару;

– Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі.

Сонымен бірге, Елбасы Қазақстан халқына жолдауында «НұрОтан» партиясының төрағасы болып қалатынын хабарлады.

Елбасы қабылдаған шешім және одан кейінгі рәсімдер дәлме-дәл ҚР Конституциясы мен заңдарына сай жүзеге асырылып жатқанын атап өту қажет.

ҚР Үкіметі мен барлық мемлекеттік, соның ішінде ҚР Президентіне есепті органдардың қызметі тұрақты тәртіпте жалғасады.