Жаңалықтар

​Сыртқы істер министрлігінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестиция тартудың кешенді экожүйесін құрудың практикалық аспектілері қаралды

21.02.2019

Сыртқы істер министрлігінде инвестициялық-экспорттық қызмет мәселелері жөнінде екі күндік жиналыс өтуде.

Жиналыстың бірінші күнінде Қазақстанның шет елдердегі бірқатар дипломатиялық миссияларының басшыларымен қатар, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор мен Қазақстанның ұлттық компанияларының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси ведомствосының инвестицияларды тарту және қазақстандық экспортты жылжыту бөлігіндегі жұмысын күшейту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру жолдары егжей-тегжейлі қаралды. Институционалдық өзара іс-қимыл механизмдері мен инвестицияларды тартудың практикалық аспектілері талқыланды. Экспортты жылжыту барысында еліміз тап болатын ерекше және өңірлік сын-қатерлер зерделенді.

Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, әкімдіктер мен еліміздің шет елдердегі мекемелер арасында өзара іс-қимылды құру үшін инвестициялық климаттың кешенді экожүйесі құрылуда. Қазақстан өңірлерінде инвесторлармен жұмыс істеу жөніндегі фронт-офистер құрылуы тиіс, онда инвестор бюрократиясыз өз жобаларын іске асыруда практикалық және дәйекті көмек алатын болады. Шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимыл жүйесі процестің әрбір қатысушысының жауапкершілік аймағын айқындайды.

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстанның елшілері ықтимал инвесторлармен тиімді жұмыс істеу үшін инвестициялық ұсыныстар мен жобалар пакеттерін қоса алғанда, барлық өзекті ақпаратпен «қаруланатынын» атап өтті. Бұл ақпаратта қаржылық көрсеткіштер, нарыққа кіру шарттары, жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, кедендік және салықтық преференциялар, тарифтік құрамдауыштар, еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету көрсетіледі. Ведомство басшысы атап өткендей, елшіліктер Қазақстан экономикасына инвестиция мен жаңа ғылымды қажетсінетін технологияларды тарту бойынша жұмысты күшейтуі тиіс.

Мемлекет басшысы Қазақстанда өндірілген өнімді сыртқы нарықтарға ауқымды жылжыту міндетін қойды. Экспортты жылжыту Үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі болып табылады, деп атап өтті СІМ басшысы. Елшілерге қазақстандық экспортты олардың ерекшеліктерін ескере отырып, болу елдері мен өңірлерге кеңейту жөнінде нақты ұсыныстар беру тапсырылды.

Отырыс шеңберінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші вице-министрі Арман Евниев, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Қытайда - Шахрат Нұрышев, АҚШ-та - Ержан Қазыханов, СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров, "Kazakh Invest" ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев және "Астана" Халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетовтің баяндамалары тыңдалды.

Сол күні Б. Атамқұловтың төрағалығымен алдағы сыртқы саяси күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау үшін Қазақстан елшілерімен шағын форматта кеңес өтті. СІМ Мемлекет басшысының сыртқы саяси бағытын іске асыру, ұлттық мүдделерді прагматизм қағидаттарында ілгерілету бойынша жұмыстың жалғасуы атап өтілді.

Еліміздің шетелдік мекемелеріне, әсіресе Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік және жоғары қонақтардың Қазақстанға сапарларын дайындау, сондай-ақ ақпараттық-талдау және имидждік жұмысты жетілдіру, қаржылық тәртіпті күшейту мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Іс-шараның екінші күні инвестицияларды тарту мен экспортты жылжытудың практикалық аспектілерін зерттеуге арналады. Экономикалық дағдарыстар, сауда соғыстары және протекционизмнің өсуі жағдайында қазақстандық дипломаттарға тиісті процестердің барлық аспектілері мен заңдылықтарын кәсіби тұрғыдан түсіну маңызды. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен сауда әлеуеті және инвестицияларды тарту және экспортты кеңейту бойынша жаңа тәсілдер тақырыбына еліміздің шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктер және орталық аппараттың қызметкерлері үшін тренингтер мен оқыту курстары өтеді.

2018 жылдың 9 айында Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 8,4%-ға артып, 17,3 млрд. АҚШ долларынан асты. Негізгі инвесторлар - Нидерланды (27,4%), АҚШ (22,8%), Швейцария (13%), Ресей (6,8%), Қытай (6,7%), Бельгия (5,4%), Франция (4,1%) және Ұлыбритания (2,6%).

Қазақстан Республикасының сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың 11 айында 84,3 млрд. долларды құрады және 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 20,5%-ға артты. Оның ішінде экспорт 54,6 млрд. долларын құрады (өсім 26,4%). Оның ішінде шикізаттық емес экспорт 14,5 млрд. долларын құрады (өсім 3%). Қазақстан экспортының негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдері, энергетикалық өнімдер, тоқыма, азық-түлік, құрылыс материалдары, машиналар, жабдықтар және т.б. болып табылады. Біздің еліміздің негізгі сауда әріптестері - Ресей, Италия, Қытай, Нидерланды, Америка Құрама Штаттары, Франция, Швейцария және Корея Республикасы. , Өзбекстан, Германия және Испания. Еуропалық Одақ елдері экспорттың жартысынан астамын құрайды, Қытай мен ЕАЭО елдерінің әрқайсысы 10%-ын және Орталық Азия елдері 5%-ын құрайды.