РФ Президенті В.Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапар


logo_r_kz
ukash türkiye |

РФ Президенті В.Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапар

Қазақстан Президенті кездесу барысында В.Путиннің елімізге сапарына деген ілтипатын білдірді.

– Сіздің Қазақстанға соңғы мемлекеттік сапарыңыз төрт жыл бұрын болды. Осы уақыт аралығында ортақ мәселелерге көзқарасымызды үнемі өзара үйлестіріп, екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін түрлі алаңдарда шешіп отырдық. Сіздің бұл жолғы сапарыңыз да осынау күрделі кезеңдегі ынтымақтастығымызды нығайтуға және кеңейте түсуге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы алдағы 16 қазанда өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мәселелерін де қозғады.

– Бүгінде ЕАЭО халықаралық аренада құрмет пен беделге ие бола отырып, өз аясын кеңейтіп келеді. Біз дұрыс жолда келеміз деп есептеймін, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан мен Ресейдің екіжақты қарым-қатынасын дамыту келешегі туралы да айтты.

– Біз Сочиде өзара қарым-қатынастарымызға қатысты негізгі мәселелерді талқылауға мүмкіндік алдық, енді бүгін соларға қатысты тиісті құжаттар дайындалып отыр. Біздің қарым-қатынастарымыз "ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы" іргелі келісім негізінде дамып жатқанын да айтқым келеді. Одақтастық Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартпен, ал экономикалық тұрғыдан ЕАЭО-ның жарғылық құжаттарымен бекітілген. Қазақстан әрдайым Ресей Федерациясының жақын әрі сенімді көршісі, болған, алдағы уақытта да солай болып қала береді. Бұл Қазақстан халқының түпкі мүдделерімен үндесіп жатыр, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

В.Путин өз кезегінде жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.

– Маған Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына сипаттама берудің керегі жоқ. Бұл – жай өзара сенімді серіктестік қана емес, барлық мағынасында одақтастық қарым-қатынас. Қазақстан – біздің ірі сауда-экономикалық серіктесіміздің бірі. Бүгінде 6 мыңға жуық Ресей компаниялары Қазақстанда жұмыс істеп жатыр, долларлық эквивалентпен есептегенде мол көлемдегі инвестиция жинақталды. Сіздің төл бастамаңыз – Еуразиялық экономикалық одақ қарышты дамып, экономикаларымыздың тиімді дамуына жағдай жасауда. Біз көптеген серіктестеріміздің ЕАЭО-мен түрлі форматта ынтымақтасу ниетінде екенін көріп отырмыз, – деді Ресей Президенті.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті Қазақстан Президенті Ресей біздің еліміздің стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін атап өтті.

– Біз Еуразиялық экономикалық одақта өзара ықпалдасып отырмыз. Елдеріміз екіжақты байланыстар аясында экономика, ғылым және гуманитарлық салалардағы жобаларды табысты жүзеге асыруда. Соған орай біз екі мемлекеттің ынтымақтастығына қосымша серпін беретін осы жолғы кездесуге айрықша мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өзара тауар айналымы көлемінің қазіргі құлдырауы әлемдік экономика дамуының циклымен және негізгі экспорттық тауарлар бағасының төмендеуімен байланысты уақытша құбылыс екеніне назар аударды.

– Біз ұлттық деңгейде де, ЕАЭО аясында да үйлестірілген жедел шаралар қабылдау қажеттігін түсінеміз. Экономикалық мәселелердің салдарын жеңілдету үшін резервтерді пайдаланған жөн. Еуразиялық экономикалық одақ Ұйымның барлық мүшесінің теңқұқылығы жағдайында қызмет ете алады, елдеріміздің өкілдері барлық елдердің мүддесіне орай және ортақ экономикалық ұстанымдарға сәйкес жұмыс істеуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

В.Путин екіжақты қарым-қатынастардың барлық, соның ішінде саясат, экономика және қауіпсіздік бағыттарында тиімді дамып жатқанын айтты.

– Біз аздаған статистикалық құлдырауды байқап отырмыз, бірақ нақты көлем тұрғысынан іс жүзінде өзгеріс жоқ. Біз 2013 жылы қабылданған, 2015 жылы әрекет ету мерзімі аяқталатын екіжақты жоспар негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біздің әріптестеріміз 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеуде. Оны жыл аяғына дейін бекітеміз деп үміттенемін, – деді Ресей Президенті.

В.Путин Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестициялары 9 миллиард доллардан асқанын да атап өтті. Қазақстан мұнайының сыртқы нарыққа арналған негізгі көлемі Ресей аумағы арқылы өтеді. Сонымен қатар, Ресей Президенті жоғары технологиялар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында бірлескен ірі жобалар бар екеніне назар аударды.

Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келіссөздер қорытындысына арналған бірлескен брифингі.

Мемлекет басшысы брифинг барысында Ресей Президенті сапарының айрықша биік мәртебесі екі ел қарым-қатынасының ерекше сипатын айғақтайтынын атап өтті.

– Қазақстан мен Ресейдің арасында өзара іс-қимылдың, достық пен ынтымақтастықтың бұрыннан қалыптасқан әрі шынымен табысты тәжірибесі бар. Біздің әрбір кездесуіміз – бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі нақты уағдаластықтар, ынтымақтастықтың өзара тиімді шартқа құрылған жаңа бағыттарын айқындау, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қазіргі күрделі ахуалды ескере отырып, келіссөздерде экономикада үйлестірілген іс-қимылдар жүргізу мәселесі басты тақырып болғанына назар аударды.

– Бұл үшін бізде екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да қажетті құралдардың бәрі бар. ЕАЭО құру фактісінің өзі елдеріміз үшін оң ықпал болып саналады. Қазақстанның өндірушілері ЕАЭО-ға мүше елдердің ауқымды нарығына шектеусіз қол жеткізді. Енді осы нарықта орнығу үшін тауар, жұмыс және қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде жұмыс істеу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер кезінде әлемдік экономикадағы түйткілдердің салдарын жеңілдету үшін нақты шаралар шоғыры айқындалғанын да айтты.

– Бұл – Ресейдің газы мен мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға транзиттеу, Каспийдегі "Орталық" және Хвалынское» кеніштерін бірлесіп игеру, көмір өнеркәсібі саласында ынтымақтасу, транзит үшін Каспий теңізінің бойымен Парсы шығанағына шығатын жаңа жолды пайдалану мәселелерін пысықтау. Біз "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жобасының аяқталуы жөнінде, сондай-ақ инфрақұрылымдық саладағы ынтымақтастық туралы арнайы сөйлестік. Осы бағыттарда серіктестікті дамыту үшін зор әлеует бар, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елдің сауда-экономикалық өзара іс-қимылының келешегіне бөлек тоқталды.

– Ресей Қазақстанның дәстүрлі ірі сауда серіктесі болып саналады. Өзара тауар айналымының орташа жылдық көлемі шамамен 21 миллиард долларды құрайды. Ресей компаниялары Қазақстанның ірі көмірсутек шикізаты кеніштерін игеруге қатысып жатыр. Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысы бар 5600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанның Индустрияландыру картасы аясында қазірді өзінде бірлескен 20 ірі инвестициялық жоба іске асырылды, 4-еуі атқарылып жатыр, тағы 3-еуі болашақта қарастырылмақ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Іс-шара барысында сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстан мен Ресейдің ұстанымдары айтылды.

– Біз Минск уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысын, жаһандық және өңірлік ұйымдар аясындағы ықпалдастық аясын, соның ішінде Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздік мақсатында кеңейту мәселелерін талқыладық. Бұл ретте Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы ахуалдың зор мәні бар. Біз Владимир Владимировичпен осы өңірде қалыптасқан жағдайды талқыладық. Бүгінде шииттер мен мен сүнниттер арасындағы текетіреске қатысты белсенді спекуляция жүруде. Алайда бұл әңгімелер шындыққа еш жанаспайды. Сирияда болып жатқан жайт – біздің бәріміз үшін, әсіресе Орталық Азия өңірі үшін ортақ қатер. Осыған байланысты біз "Ислам терроризмге қарсы" форумын өткізу идеясын ұсынып отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан мен Ресей әлемдегі ахуалдың өрістеуіне және оны бағалауға қатысты ортақ көзқараста екені, екі ел халықаралық мәселелерді шешу қадамдарын тығыз үйлестіретіні және осы мәселелер бойынша пікір алмасулар мұны тағы да дәлелдегені атап өтілді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей тарапына Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер А.Айымбетовтің ғарыш экспедициясын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін алғыс айтты.

Ресей Президенті өз кезегінде бүгін сындарлы әрі ауқымды келіссөздер өткенін атап көрсетті.

– Бұл келіссөздер дәстүрлі ашық әрі достық ауанда өтті. Біз сауда, инвестиция, энергетика, көлік, ғарыш, атом энергиясын бейбіт пайдалану сияқты салаларға айрықша көңіл бөле отырып, екіжақты қарым-қатынастардың барлық қыры бойынша пікір алмастық, – деді В.Путин.

***

Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында төмендегідей екіжақты құжаттарға қол қойылды:

– Жер қойнауын пайдалануға қатысты егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі келісім хаттамасына өзгерістер енгізу туралы хаттама;

– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін пайдалана отырып, Домбаровский позициялық ауданынан зымырандар ұшыру кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісім.

akorda_kz

poslanie20121214_kz

flag_kz