ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Еуразиялық әйелдер форумына қатысу үшін Санкт-Петерборға келді


logo_r_kz
ukash türkiye |

ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Еуразиялық әйелдер форумына қатысу үшін Санкт-Петерборға келді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова бастаған қазақстандық делегация Еуразиялық әйелдер форумына қатысу үшін Санкт-Петербор қаласына келді.

Делегацияның құрамына ҚР Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен ҚР Ұлттық банкінің басшылары, Ұлттық комиссияның мүшелері кірді.

Форумға әлемнің 77 елінен келген 700-ден астам делегат қатысады. Шара ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің шешімімен ұйымдастырылған.

Форумның пленарлық отырысында Мемлекеттік хатшының "Қазақстан Республикасының әлеуметтік және гендерлік саясаты: нақты қадамдар және келешегі" тақырыбында баяндамасы жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Гүлшара Әбдіқалықова Санкт-Петерборда тұрып, онда білім алып жүрген қазақ диаспорасының өкілдері және қазақстандық жастармен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы кездесуге қатысушыларға басты мақсатымыз - Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық идеясының, Бес институционалдық реформаның және Ұлт жоспары – "100 нақты қадамның" маңыздылығына назар аударды.

Қазақстандық делегацияның басшысы, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің төрайымы В.Матвиенконың шақыруымен Мариин театрына барып, онда ресейлік опера және балет жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертті тамашалады.

ҚазАқпарат

akorda_kz

poslanie20121214_kz

flag_kz