Жаңалықтар

Мәскеуде белгілі ақын Бақыт Қайырбековтің шығармашылық кеші өтті

16.03.2018

Мәскеу қаласындағы "Ұлттар" үйінде белгілі ақын, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының Президенті Бақыт Қайырбековтің шығармашылық кеші өтті.

Iс-шара Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің қолдауымен өтті.

Салтанатты жиын кезінде қаламгердің "Көп нүкте" атты жаңа кітабы көпшілікке таныстырылып, "Наурыз" мейрамы жайлы деректі фильмі көрсетілді.

Шығармашылық кешке қаламдас достары мен әдебиетшілер, зиялы қауым өкілдері мен қазақ дипломаттары және Ресейде тұратын қандастарымыз қатысты.

Ақын, аудармашы, режиссер – Бақыт Қайырбеков 65 жаста. Ол өзінің мерейтойын бұған дейін Алматыда өткізсе, енді міне Мәскеу жұртшылығымен қауышып отыр. Ресей астанасындағы 2 бірдей жоғары оқу орнын тәмамдаған қазақ ақыны, осылайша көрші елдегі оқырмандарына да шығармашылық есеп берді.

Салтанатты кеш барысында Бақыт Қайырбеков өзінің өлеңдерін оқып, деректі фильмдерін көпшілікке көрсетті. Поэзияда және кинематография саласында да өзіндік қолтаңбасы бар қаламгердің кез келген еңбегінде, қазақтың иісі, ұлттың үні жатыр.

Шығармашылық кешке Бақыт Қайырбековтің қаламдас достары мен әдебиетшілер, зиялы қауым өкілдері мен қазақ дипломаттары және Мәскеуде тұратын қандастарымыз молынан жиылды. Осылайша, қазақтың әдебиеті мен мәдениеті алып шаһардағы сан алуан жұрттың басын қосты.

Бақыт Қайырбеков, ақын:

– Көрісу, Амал деген керемет күніміз бар, сонымен құттықтаймын. Көрісу деген қандай керемет – қыстан шықтық, аман қалдық. Өлең сияқты өзіміздің тағдырымызды, өмірімізді білу керек, түсіну керек, мағынасын көтеру керек.

Валерий Рузин, Еуразиялық телевидение және радио академиясының президенті:

– Бақыт Қайырбеков – классик ақын. Ол қазақ мәдениетінің кеңістігін кеңейтуге атсалысып, өзінің ақындық және кино шығармашылығында керемет дүниелер жасап жүр. Оның туындыларынан қазақ дәстүрі мен мәдениетін махаббатпен, терең біліммен көрсеткенін байқаймыз.

Фотогалерея