Жаңалықтар

Көрісу – ежелден келе жатқан қазақ дәстүрі

14.03.2018

14 наурыз – Көрісу күні Қазақстанның батыс өңірі үшін ежелден келе жатқан қазақ дәстүрі болып есептеледі.

Көрісу күні жасы кішілер үлкендерге арнайы барып, сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырып, көріседі. Ақсақалдар "Бір жасың құтты болсын!" деп, жастарға баталарын береді. Үй иелері келгендерге дәм ұсынып, ақ тілектерін жаудырады.

Көрісу Қазақстанның Атырау, Маңғыстау облыстарында да тойланады. Тек Маңғыстауда "Амал мерекесі" деп айтылады. Оның көрісуден айырмашылығы жоқ, тек атауында ғана. Мұның сыры "Қыстан аман өттік, бір амалын жасадық, бір ісіміз бітті" дегенді білдіреді. Көрісу сондай-ақ Батыс Қазақстанмен көршілес Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарының қазақтар көп шоғырланған жерлерінде аталып өтіледі.

Қазақ халқына өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы және қырқыншы жылдары өте ауыр тиді. Халықтың бірсыпырасы аштықтан қырылып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраса, кейін оған Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыртпалық қосылды. Осындай қиямет-қайым кезеңнің өзінде Көрісу секілді ізгі дәстүріміз жойыла қойған жоқ. Әсіресе, балалар үшін үлкен мереке болатын. Үй-үйді аралап, үлкендерге жаппай көрісетін. Әйелдер болса, қазан көтеріп, бар дәмдісін салатын. Ақсақалдар батасын беріп, айнала керім жарасымын табатын. Қазір, шүкіршілік, бәрі жеткілікті. Еліміз даму үстінде. Олай болса, татулықты бекітіп, халқымыздың ұйымшылдығын арттыратын Көрісу мейрамының да орны бөлек. Ендеше, өзімнен кейінгілердің бәріне «Жастарың құтты болсын, қазан толып, береке-бірлігіміз артып, табыс-жетістігіміз молая берсін», деп тілек арнаймын.