Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей туризмді дамытуға бағытталған келісімге қол қойды

13.03.2018

25-ші MITT Мәскеу халықаралық туристік көрмесінде Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен Ростуризм Ресей федералды агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстан тарапынан келісімге Kazakh Tourism басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов, ал Ресей тарапынан – Ростуризм басшысы Олег Сафонов қол қойды.

Меморандум екі елдің туризм саласын дамыту бағытындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған, атап айтқанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы трансшекаралық турларды бірлесіп дамытуға және инвестициялық жобаларға қатысу мәселелерін шешеді.

Kazakh Tourism өкілі мәлім еткендей, қол қойылған құжат мемлекеттердің туризмді дамыту бағытындағы қарым-қатынасына серпін бермек.

Сондай-ақ, 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы мәселелері бойынша өзара қарым-қатынас туралы келісімге қол жеткізілді.

Қайрат Сәдуақасов:

"Рафтинг, параглайдинг, хайдинг, трекинг және шаңғы туризмі. Біз осы бағыттарға  сұраныс жоғары екендігін анықтадық. Белсенді демалысты қалайтын ресейлік нарық үшін бұл таптырмас дүние. Қазір көрмеге қойылған стендіміздің қасында сауалнама өткізіп жатырмыз. Бұл арқылы ресейлік туристер жайлы ақпарат алып, тур өнімдерді реттемек ойдамыз". 

Олег Сафонов:

"Мен үшін Қазақстанмен келісімге қол қою өте маңызды және елеулі оқиға. Сонымен қатар  ТМД елдерімен бірлескен "Туркөмек" операторларының бірлестігі алғаш рет Қазақстанмен келісімге қол қойды. Туроператорлар қауымдастығы шетелге шығатын туристердің мүддесін қорғау үшін құрылған еді. Біздің туристер құқын қорғайтын ұйымдармен қарым-қатынас орнату да біз үшін өте маңызды".