Жаңалықтар

Астрахан музыка колледжінде домбырадан аймақтық конкурс өтті

9.01.2018

М.Мусоргский атындағы Астрахан музыка колледжінде домбырадан аймақтық конкурс өтті. Өнер мектебінде білім алып жатқан 7 мен 16 жас аралығындағы балалар арасында өткен байқаудың мақсаты ұлттық өнерді ұлықтай отырып шын таланттарды анықтау.

Салтанатты шара қазақ халқының дәулескер күйші ұлы Құрманғазының ескерткіші басында тәу етіп, оқушылардың құрметпен гүл қою рәсімінен басталды.

Жасөспірімдердің байқауына Ресей және Қазақстан мемлекетінің танымал музыканттары қазылық етті. Қазылар төрағасы Тельман Ермағамбетов Қазақстанның мақтаулы білім қызметкері, композитор, "Ақжелең" ансамбілінің жетекшісі.

Харабали қаласынан келген Айдар Өтешов конкурстың гран-при иегері атанып, сыйақы ретінде Ақтөбедегі Қазанғап атындағы өнер мектебіне домбырадан шеберлік-сыныбынан өтуге арналған жолдаманы жеңіп алды. Ал "Солистер" аталымы бойынша Сұлтан Батырбеков (№4 Балалар өнер мектебі, Харабали, қ.) бірінші орын иегері болды. Байқауға қатысушыларға арнай диплом мен естелік сыйлықтар берілді.

Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығының директоры Амангелді Әбулғазиев қатысушылардың өнеріне өріс тілеп қана қоймай, мұндай конкурстардың аймақтағы домбыра өнерінің дамуына жаңаша серпін беретіндігін жеткізді.