Жаңалықтар

Мәскеуде қазақ тілі олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

18.11.2017

Ресей Федерациясының астанасында Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің базасында  Қазақстан тарихы, қазақ тілі және мәдениетінің білгірлері олимпиадасының финалы өтті.

Ақтық сынға шыққандардың қатарында Моңғолия, Мәскеу және Ресейдің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан қазақ диаспорасының өкілдері, қазақ тілін үйреніп жүрген ресейліктер қатысты.

Шара "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен Қазақстан республикасы мен Ресей Федерациясының арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуы аясында өтті.

Олимпиаданы Ресей өңірлеріндегі қазақ ұлттық-мәдени бірлестіктерінің, сондай-ақ ҚР ұлттық кітапханасы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыстар комитетінің қолдауымен РФ-дағы ҚР елшілігі мен консулдық ұйымдар ұйымдастырды.

Еске сала кетейік, іріктеу кезеңінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань, Омбы, Қазан сынды ҚР консулдық округтерінде төрешілер шын мықтыларды анықтаған болатын.

Финалда ауызша, жазбаша және шығармашылық байқаулардың қорытындысы бойынша РФ-дағы ҚР Елшілігінің дипломаттары, ММУ лингвистері мен қазақ тілінің мұғалімдері, Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілдерінен құралған қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады.        

Осылайша бірінші орынды қазақ диаспорасы және қазақ тілі ана тілі болып табылатын қатысушылардың ішінен Айтолқын Үркел (Моңғолия) жеңіп алды. Екінші орынды мәскеулік Жанна Нұрсапарова иеленді. Үшінші орында – Жәмиля Ходжанова (Мәскеу).

Ресейлік қатысушылар ішінен бірінші орынды Арина Бабкова мен Мария Семина жеңіп алды. Екінші орынды Ксения Медянкина мен Татьяна Семенова иеленді. Александр Гожа мен Седа Саргсян – үшінші орында.

Шығармашылық конкурста Түменнен Мәскеуге осы олимпиадаға қатысу үшін арнайы келген 15 жасар Азиза Ауғалиева жеңіске жетті. Екінші орында – Седа Саргсян, Татьяна Семенова – үшінші.

Қазылар алқасы, сондай-ақ, сайыстың ең жас қатысушыларын да елеп-ескере кетті: Әридаш Наукенова (Мәскеу), Айдын Жексембай (Мәскеу), Әділет Усенов (Норильск).