Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей жүктерді ауыстырып тиеудің көлемі туралы келісуде

20.11.2017

Қазақстан мен Ресей жүктерді ауыстырып тиеудің кепілдендірілген көлемі туралы келісімге қол қою бағытында жұмыс істеуде.

ҚР Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы баспасөз қызметінің атап өтуінше, ЕАЭО аясындағы уағдаластыққа қол жеткізудің келесі қадамы - Қазақстан мен Ресей арасында жүктерді ауыстырып тиеудің кепілдендірілген көлемін қарастыратын үкіметаралық келісім жасасу болып отыр.

"Келісім нақты пішінге бейімделіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бүгінде құжаттың жобасы әзірленіп, ресейлік тараптың қарауына жіберілді. Аталған құжатты жасаумен өкілетті орган ретінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, сонымен қатар «Атамекен» Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасы айналысты. Үкіметаралық келісімге осы жылдың соңына дейін қол қойылып, 2018 жылдың қаңтарында күшіне енуі мүмкін", - деді ҚР Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының басшысы Николай Радостовец.

Оның атап өтуінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы бұл үкіметаралық келісім одақтас басқа мемлекеттер үшін ілкі жоба болмақ.