Жаңалықтар

Қазан қаласында "Қазақстан-Ресей" бизнес форумы басталды

17.11.2017

Сауда миссиясын "Қазақ Инвест" ұлттық компаниясының өкілдері бастап барды. Қос тарап та өзара әріптестікке үлкен үміт артып отыр. Форум 30 отандық және 80 ресейлік компанияның басын қосты.

Омар Әбдиев "Қазақстан-Ресей" бизнес форумына сонау Атыраудан ат терлетіп келген. Ол – полиэтилен және термотөзімді құбырлар шығаратын зауыттың өкілі.

Омар Әбдиев, компанияның бас менеджері:

– Біздің өнім 50 жыл тозбай қызмет көрсетеді. Қоршаған ортаның әсеріне төзімді, болат құбырлардың баламасы. Жөндеу жұмыстарына кететін мемлекеттік шығынды еселеп азайтуға мүмкіндік береді. Ал су үнемі таза күйінде жеткізіледі.

Өзге өнімдер секілді Қазақстанның полиэтилен құбырлары да Қазан қаласы тұрғын үй коммуналдық қызметі өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Мәселен, «Смарт сити» жобасын алайық. Онда ақылды көше шамы мен ақылды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сияқты жаңашылдықтар ұсынылды. Мұнай өндірісіне қажетті құралдар, медициналық техникалар мен трансформаторлар өз алдына. Енді болашақта Татарстан супермаркеттерінде қазақстандық сүт, макарон және кондитерлік өнімдер саудаланады.

Елена Купцова, коммерциялық директор (Қазақстан):

– Біз Қазақстан нарығында көш бастап тұрмыз. Өз тұтынушыларымыз бар. Ресей нарығында, әсіресе Сібір аймағымен жақсы жұмыс жасап жатырмыз. Мұнда басқа да сенімді серіктестер тапсақ деген оймен келдік.

Ресейліктерге де керегі осы. Бизнесті өркендетуге қолайлы жаңа алаңдар іздестіруде. Бұл форумға 80-нен аса компания қатысты. Олардың ішінде Ресейдің барлық аймағын қамтитын ірі сауда желілері де бар.

Виталий Гущин, сауда желісі менеджері:

– Форум қызықты өтіп жатыр. Сауда желісінің атынан келіп отырмын. Біздің аймақ Қазақстанмен шекаралас жатыр. Қазақ елі өнімдерінің бағасы қызықтырды. Бүгін көзбен көріп қайтайық деп келдік.

"Қазақ Инвест" ұлттық компаниясының сауда миссиясы биыл Қазаннан бөлек Ресейдің өзге де аймақтарында болған. Тіпті 9 елді аралап үлгеріпті.

Сәбит Нарбаев, "Қазақ Инвест" ҰК РФ бас өкілі:

– Татарстан Республикасын таңдаудың бірден-бір себебі, бұл өңірде бүгінде экономикалық өсім байқалып отыр. Татарстандық кәсіпкерлер тарапынан және Татарстан қауымы тарапынан Қазақстан тауарларына деген сұраныс байқалады. Сондықтан біз осы өңірде Ресей Федерациясындағы төртінші сауда миссиясын өткізіп отырмыз.

Татарстанға сапарлап баруда үлкен мән жатыр. Республика – Ресей Федерациясы құрамындағы экономикалық өсім бойынша көшбасшы елдердің бірі. Ауылшаруашылық өнімін өндіру бойынша 3-орында. Көліктердің 30%-ы мен мұнай өнімдерінің 7%-ы осы жерде өндіріледі. Ресейдегі каучук пен полиэтиленнің жартысы осы елге тиесілі. Қазақ пен татарды Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестік байланыстырады.

Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының президенті:

– Екі ел арасында қалыптасқан жылы қарым-қатынас үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Қазақстан біздің стратегиялық серіктесіміз. Бізді бір экономикалық кеңістік байланыстырады. Осының арқасында бірқатар жобаны жүзеге асырып отырмыз.

Сергей Картырин, РФ сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті:

– Жоғары басшылық Ресейдің Қиыр шығысы мен шығысын дамыту керек деген шешім қабылдады. Бұл жер табиғи ресурстарға бай. Бірақ, өкінішке қарай, халық саны аз. Батыстағы көршіміз Қазақстанның тәжірибесі бізді қызықтырады.

Соңғы жылдары Ресей бірқатар елмен сауда байланысын арттырды. Ішінде Қазақстан да бар. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше көршілердің әсіресе биылғы қарқыны қуантады. Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 1000 компания жұмыс істеп жатыр. Отандастарымыз да солтүстік көршінің нарығында емін-еркін ісін дөңгелетуде.