Жаңалықтар

Ақтөбеде Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті

17.11.2017

Ақтөбеде Қазақстан-Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның ХІХ отырысы өтті.

Отырысқа ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов қатысты. Ресей тарапы алдымен Ақтөбе рельс-арқалық зауытына барып, өндіріс орнымен танысты. Сол кәсіпорында "Қазақстан темір жолы" мен "Ресей темір жолы" арасында екіжақты меморандумға қол қойылды.

Алдағы уақытта Ресей темір жол саласын жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Сол кезде Ақтөбеде шығарылатын рельстер Ресейге тасымалданады. 

"Таңертең Ресей үкіметінде теміржолды жаңғырту инвестициялық бағдарламасы қабылданды. Алдағы жылдары Ресейде теміржол саласы дамып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады, транзиттік тасымалдау артады. Екі ел президенттері Челябідегі кездесу кезінде де транзиттік маршрутты дамытуды тапсырған болатын. Қазақстанның жетістігі мол. Орталық Азия аймағы әлі де дамиды. Еуразиялық экономикалық одақ әрі қарай жұмысын жандандырады. Сонымен қатар, Еуразиялық одаққа кірмейтін елдер де қатар дамуы керек. Жаңа жолдар салынады, өндіріс дамиды. Сол кезде Қазақстандағы зауыттың көп көмегі тиеді. Еуразиялық одақ құрылған кезде көшбасшылар кооперация, интеграция туралы айтты. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты осы тапсырманың орындалғанын көрсетеді. Бұл бірлескен кәсіпорын. Себебі, өнімнің бір бөлігі Ресейде шығарылады, ал дайын өнім Ақтөбеде өндіріледі. Ресей теміржол саласын жаңғырту жұмысы кезінде осы сапалы өнімді тасымалдайды", – деді Үкімет төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов.

Айта кетейік, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты 2018 жылы толық қуатпен жұмысқа кіріседі. Мұнда жылына 430 мың тонна илек шығарылады, оның ішінде жоғары жылдамдықты магистральдерге арналған рельстер де бар. 2017 жылдың 9 айында кәсіпорында 31,2 млрд. теңгеге 116,4 мың тонна рельс шығарылды. Өнімнің негізгі тұтынушылары – "ҚТЖ" ҰК" АҚ, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан және өзге де елдер.