Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей арқылы қатынайтын транзиттік поездарға кедендік бақылау жүргізілмейді

22.09.2017

Бүгін, 22 қыркүйек күні  РФ СІМ-де ҚР-ның  РФ-ғы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов пен РФ Сыртқы Істер Министрінің орынбасары – статс-хатшы  Григорий Карасин Қазақстан мен Ресей шекарасы арқылы  транзиттік жолаушыларға жеңілдетілген рәсім бойынша өтуге мүмкіндік беретін  мақұлданған Хаттамамен алмасуды  растайтын құжатқа қол қойды.

Былтыр, 4 қазанда Астанада екі мемлекет арасындағы теміржол транспортын ұйымдастыру және оған қарасты мекемелерді Үкіметаралық деңгейде, заңдық тұрғыда реттейтін Келісімге өзгеріс енгізу бойынша әзірленген Хаттамаға қол қойылған болатын. Нәтижесінде, бұл құжатты қос мемлекеттің парламенті мен президенттері мақұлдады.

Жоспар бойынша, 26 қыркүйектен бастап, "Тұлпар-Тальго" жолаушылар поезы Астана-Орал және Алматы-Орал бағыты бойынша Ресейлік Соль-Илецк стансасы арқылы өтеді. Аталған бағыт күнара жүзеге асырылады.

Осы ретте Елші Иманғали Тасмағамбетов, бұл жаңашылдық іскер және туризм байланысын жандандыруға мүмкіндік беретінін. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстарында мекен еткен азаматтарға жеңіл болатынын ерекше атап өтті.