Жаңалықтар

Ресейлік спортшылар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына ат басын бұрды

21.09.2017

Астана қаласында өтетін Халықаралық турнирге келген Ресей Федерациясы спортшыларының құрамасы Елбасы кітапханасына ат басын бұрды. Делегация мүшелері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Кубогы үшін қоян-қолтық ұрыста ат салыспақ.

Дәстүрлі турнирге республикамыз бен көршілес мемлекеттердің түкпір-түкпірінен келген күш-қуат құрылымдарынан жасақталған командалар қатысады.

– Арамызда көбіміз, менің өзім де Астанаға алғаш келіп отырмыз. Біз қаланың сұлулығына тәнтіміз. Елорданың адамдары мейірімді, көшелері таза, ғимараттары көз жаулайды. Бізді құшағын жая қарсы алған кешен қарапайым музей болмағанымен, оның қорында Қазақстан тарихынан толықтай сыр шертетін маңызды жәдігерлер сақталған. Барлығы ұнады, – деді РФ Ұлттық гвардиясы әскерлерін дайындау басқармасының Жоғары жетістіктер спорты бөлімінің бастығы, полковник Олег Кишинев.

Оның сөзін әмбебап ұрыс пен қоян-қолтық ұрыстан бірнеше дүркін әлем чемпионы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген спорт шебері, РФ Ұлттық гвардиясы әскерінің капитаны Геннадий Зуев жалғастырды:

– Бізбен көршілес қазақ еліне келгеніме қуанышты екенімді айтқым келеді. Қазақстан – жоғары дамыған мемлекет. Бұл, шыны керек, тамсандырарлық жайт. Менің достарымның арасында қазақтар бар, олардың осындай керемет елдің азаматтары болғанына ризамын. Достарымның бойындағы ерекше отансүйгіштік қасиет баршамызға үлгі. Елбасы кітапханасына келсек, мекеме өзінің технологияларымен, ақпараттандыру шешімдерімен таң қалдырады. Экскурсия жүргізушілері де жылы шырай танытып, көп сауалдарымызға жауап берді. Сіздердің Президенттеріңіз жайлы әңгімелерденқ қанаттанып қалдым. Қазақ жерін басқарып отырған адамның мақсатқа ұмтылған, күш-жігері мықты, жасампаз тұлға екені бірден білінеді, – деді ол.

Экскурсия соңында делегация мүшелері Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне жылы қабылдау мен мазмұнды экскурсия үшін алғысын айтты.