Жаңалықтар

Қызылорданың қауынына Ресейде сұраныс жоғары

14.09.2017

Жаңадария ауылындағы "Магро" фермерлік қожалығының логотипі көрсетілген мынадай қорапшадағы дәмі тіл үйірер қауындар енді Мәскеудегі ірі сауда орындарының сөрелерінде сатылатын болады.

Мырзашөл тұқымдасына жататын Жиенбай қауыны ешқандай химиялық қоспаларсыз күтіп бапталған. Ауылдың теріскейіндегі Атжайған алқабын осыған дейін тек мал жайылым ретінде пайдаланғандықтан шөбі шүйгін,  жері құнарлы. Сондықтан табиғи таза өнімге Ресей нарығында сұраныс жоғары дейді шаруа.

Жалпы фермерлік қожалық былтырдан бері үш жүз гектар жер алып, тыңайған жердің түгін тартуға кіріскен. Қазіргі таңда мұнда жетпіс гектар жер аршылып, бақша өнімдері орналастырылды. Қауын, қарбыз, картоптың өнімділігі жаман емес. Шаруалар келер жылы жүз гектар жерді игереміз деп жоспарлап отыр. Ал оған мемлекет тарапынан гектарына он бес мың теңгеден субсидия берілмек.

Ала жаздай егіннің бабын тауып, маңдайы күнге күйген диқандардың көбі ауыл азаматтары. Мәселен, жаңадариялық Тайжан Балтабай егіс науқаны басталғаннан бері игі істің басы-қасында жүр. Ерінбей еңбек етуді мақсат тұтқан ол ісінің берекелі болғанына дән риза.

Адал кәсіптің тұтқасын ұстап, ерінбей еңбек етсең, Жер-Ана жігеріңді құм қылмайды. Ал ала жаздайғы табан ет, маңдай тердің өтеуін бүгінгідей терім науқанынан байқауға болады. Ауызбірлікпен, ұйымшылдықпен істеген істің берекелі болары хақ. Естеріңізде ме, баяғыда бір тірлікті істейтін болсақ, бүкіл ауылдың жігіттері біріккен түрде дем арасында бітіріп тастаушы едік қой. Міне, бүгін сол үрдісті жалғастырып, Ресейге жөнелтілетін қауынға "берекелі болсын" деген ниетпен біз де қолғабыс етіп қалайық!

Осылайша үлкен жүк көлігіне тиелген жиырма тонна Жаңадарияның қауыны көрші елге жөнетілді. Шаруалар науқан аяқталғанша үш жүз тоннаға дейін өнім жібереміз деп жоспарлап отыр.