Жаңалықтар

ҚР-ның РФ-дағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстанның екі азаматшасы Йеменнен Мәскеуге жеткізілді

19.07.2017

Осымен үшінші жыл қатарынан азаматтық соғыс жүріп жатқан Йеменнен ҚР-ның РФ-дағы Елшілігінің қолдауымен қазақстандықтар елге қайтарылды.

Бүгін түнде қарулы қақтығыс жүріп жатқан аймақтан жыраққа кетуді қалаған ТМД мен Ресей елінің 62 азаматы мәскеулік Домодедово әуежайына Ресейдің ТЖМ-нің Ил-76 ұшағымен жеткізілді.

Олардың ішінде екі Қазақстан азаматшасы – 54 жастағы Людмила Хаджван және 16 жастағы қызы Ясмин болды. Еске салсақ, аталған екі азаматша осыдан екі жыл бұрын қарулы қақтығыстың ушығуына байланысты Йеменнен Мәскеуге жеткізілген еді.

ҚР-ның РФ-дағы Елшілік дипломаттары тарапынан қазақстандық азаматшаларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілді.

Людмиланың айтуынша, олар жуырда Қазақстанға жол жүргелі отыр. Дегенмен қызының мектепті аяқтау қажеттілігіне байланысты және жолдасы Йемен азаматы болып табылатындықтан  сол елге қайта оралатынын жеткізді.

Сондай ақ, Людмила сол елдегі тырысқақ індеті жайлы пікірін жасырмады. «Тырысқақ індеті бар, бірақ баспа беттерінде жазылғандай ушыққан емес.  Біздің мекен еткен аймақта адам шығыны болған жоқ. Сақтық шараларын барынша ұстандық», - деді ол.