Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев: Мен интеграциялық процестерді дамытуды жақтаушымын

13.07.2017

Бүгін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концертте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

«Әлемде сақталып отырған күрделі қарама-қайшылықтар бүкіл халықаралық қоғамдастық үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де сын-қатерге айналып келеді. жаһандық проблемаларды шешу жемісті трансшекаралық серіктестік аясында ғана болуы мүмкін. Қазақстан экономикалық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа бағытталған интеграциялық процестерді дамытуды жақтаушы болып табылады. Мен әрқашанда да бұған дейін болған адами, мәдени қарым-қатынасты сақтауды жақтаушы болдым. Сондықтан да ТМД-ны нығайтуды ұсындым. Бірақ, қалағандай болмады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы сол себепті де Еуразиялық экономикалық одақ құрылғандығын атап өтті. «Оның атына қаншама сын болғанын естідік. Қандай да бір империя, бірлестік құрылуда дегендер болды. Бұл таза экономикалық бірлестік. Ол біздің барлық елдеріміздің мүддесіне қызмет етеді», - деді Елбасы. 

Мемлекет басшысының дерегінше, ЕАЭО-ның құрылуы  дағдарыс кезеңіне тап келуіне қарамастан ағымдағы жылы одақтас елдер арасындағы тауар айналымы 30-40 процентке өскен. «Келешегі бар деп санаймын және тіршілікке қабілеті ұйым екендігін дәлелдейміз. Бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық одақпен 40-қа жуық мемлекеттің ынтымақтастық жасағысы келетіндігі, қауымдастық құруы тегін емес», - деді Елбасы.