Жаңалықтар

Еліміздің бірнеше телеарнасы Ресейде көрсетіледі

11.01.2019

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев еліміздегі бірқатар телеарнаның Ресейде хабар тарату мүмкіндігін алғанын айтты. Бұл туралы министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Дүниежүзі Қазақтарының V құрылтайы аясында, біздің министрлікке нақты тапсырма берген Елбасы: "шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесу керек», – деген болатын. Яғни шет елдегі ағайынды отандық ақпаратпен қамтамасыз ету міндеті алға қойылды. Жақында ғана "Хабар 24" пен "Kazak tv" арналары Ресейде хабар тарату лицензиясына қол жеткізді", – деді министр. 

Оның айтуына қарағанда Ресеймен келіссөз ұзақ уақытқа созылған.

"Көрші елдің теле нарығына ресми тіркелу үшін қажетті техникалық және құжаттық талаптардың қыруар шаруасы атқарылды. Бірнеше айға созылған, көптеген келіссөздердің нәтежиесінде біз Ресей Федерациясының кабельдік операторымен бір мәмілеге келдік. "Хабар" Агенттігінің ұжымына, осындай ауқымды істі жүзеге асырғандары үшін алғыс айтқым келеді. Шекаралас аймақтарды мекендейтін қандастарымыз, біраз уақыттан бері біздің министрлікке хат жолдап, ел жаңалықтарын көргілері келетінін жеткізіп еді. Алыстағы ағайынның өтініші де орындалып отыр", – деді Дәурен Абаев.