Жаңалықтар

Астрахань өнер және мәдениет колледжінде домбыра сыныбы ашылған

10.01.2019

Кейінгі кездері Ресейде қазақтың қос ішекті домбырасына қызығушылық танытатындар көбейген. Ал, Астрахань облысындағы өнер және мәдениет колледжінде төл аспабымызға арналған сынып та ашылған. Бүгінге дейін бұл орталықтан жүздеген күйші қанат қағып, бабаларымыздан қалған мұраны насихаттап жүр.

5 жасынан домбыраны серік еткен Әлиханға атасының күйшілік өнері оның төл аспапқа деген махаббатын оятқан. Бүгінде ол 15-тен астам туындыны жетік меңгерген. Негізгі мақсаты – дәулескер күйші атану.

Әлихан Бейсенбаев, Астрахань өнер және мәдениет колледжінің 4-курс студенті:

– Музыкалық мектепке мені әжем жетектеп әкелген. Атам домбыра тартты. Мен де домбыра тартқым келіп, сол музыкалық мектепке бардым. Домбыраны әлемге танытқым келеді.

Астрахань өнер және мәдениет колледжіндегі домбыра тобында 30 студент білім алуда. Қазақтың қара домбырасына қызығушылық танытқан жастардың қарасы жыл санап артып келеді. Аспапты үйренемін деушілер көп болғасын, арнайы үйірме де ашылыпты. Оған 6 жастан асқан балалар қабылданады.

Алла Смиховская, Астрахань өнер және мәдениет колледжінің директоры:

– Біз үшін Астраханда тұрып жатқан әр ұлттың мәдениеті мен тарихы маңызды. Соның ішінде домбыра мұндағы қазақтардың ажырамас бөлшегіне айналған. Сол себепті, домбыраға баса назар аударып отырмыз. Алдағы уақытта осы таңғажайып аспапты кеңінен насихаттамақпыз. Ол үшін өнер сапарларына шыққалы отырмыз.

Колледжде домбырашы студенттерден құралған "Шалқыма" оркестрі бар. Ұжым алдағы уақытта ұлттық аспаппен әлем классиктерінің шығармаларын орындамақ. Мұнымен олар қос шекті қоңыр домбыраның ғажайып мүмкіндіктерін паш еткісі келеді. Оркестр талай байқауларда жеңімпаз атанып, талғампаз көрерменнің көзайымы болып жүр.

100-ден астам ұлт пен ұлыстың басын қосқан өнер және мәдениет колледжінде домбыраның алар орны ерекше. Енді білім ошағының басшылығы қазақтың төл аспабын кеңінен насихаттауды қолға алмақ. Ол үшін арнайы жоспар да дайындалған. Осылайша, 150 мыңнан астам қандасымызға рух берген домбыра өзге елдің де төрінен ойып тұрып орын алмақ.