Жаңалықтар

Ресей Ғылым Академиясының президенті Еуразия ұлттық университетінде дәріс оқыды

19.11.2018

Бүгін Ресей Ғылым академиясының президенті Александр Сергеев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары үшін "Ресей Ғылым академиясының қазіргі жағдайы" тақырыбында дәріс оқыды.

Кездесу Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың, "Бүгінгі Ресей" халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Дмитрий Киселевтің, РҒА ақпараттық саясат басқармасының бастығы Светлана Попованың, РҒА Президенті Хатшылығының бастығы Валерий Беляниннің және "Спутник" агенттігінің қызметкері Полина Рабиноктың қатысуымен өтті.

Мәртебелі мейманды Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті, Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы, академик Ерлан Сыдықов таныстырды.

"Ресей Ғылым академиясының ғылыми қауымдастығы өкілдерінің бүгінгі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі кездесуі ғажап нәрсе. Таяуда Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының XV форумы аясында біздің президенттеріміздің кездесуі өтті. Әңгіме мәдени және экономикалық өзара іс-қимыл контекстіндегі кеңейтілген ынтымақтастық туралы болды.

Айта кетерлігі, ауқымды оқиғалар экономиканың көптеген салалары бойынша нақты шешімдерге айналды, ал мемлекеттердің ғылыми қауымдастығы өткен жылдың қараша айында Челябинск қаласында Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының XIV форумы аясында ЖОО ректорларының кездесуін алғаш рет өткізді.

Бұл факт мемлекеттердің ғылым және білім беру ресурстарын дамытудың стратегиялық маңызын көрсетеді", – деп атап өтті академик Ерлан Сыдықов.

Александр Михайлович өзінің дәрісі алдында Ресей Ғылымдар Академиясының тарихына қысқаша тоқталып өтті.

1724 жылы Петербург ғылымдар академиясы болып құрылған ұйым одан кейінгі уақытта атын сан мәрте өзгертіп, бірде Императорлық ғылымдар және көркемөнер академиясы, Императорлық ғылымдар академиясы, енді бірде Санкт-Петерборлық императорлық ғылымдар академиясы, Ресей ғылымдар академиясы (1917-1925) аталған көрінеді.

Ресей Ғылымдар Академиясының президенті Александр Михайловичтың айтуынша, 25 шілде 1925 жылы КСРО ғылымдар академиясы атанған мекеме 1934 жылы Мәскеу қаласына көшіп, КСРО ғылымдар академиясы ретінде өз жұмысын жалғастырса, 1991 жылдың 21 қарашасынан Ресей Ғылымдар Академиясы аталады.

Ал, 2006 жылы Ресей заңына енгізілген өзгертулер бойынша Ресей Ғылымдар Академиясына төрағаларды академиктер таңдайды, тағайындайтын Ресей президенті.

Ресейлік ғалымның айтуынша, қазір цифрлық жүйенің дамыған кезі: – Осыдан отыз жыл бұрын интернет туралы ойладық па, ал енді алдағы отыз жылдан кейін не болады? –  дей келіп, Ғылым академиясының әр саласы туралы, оның ішінде іргелі және қолданбалы, әсіресе, ауылшаруашылығындағы ғылымның рөлі туралы кеңінен сөз қозғады.

Академик Рахметқажы Берсімбай бастаған ғалымдар Ресей Ғылым академиясының президентіне көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған тұшымды жауаптар алды.

Басқосу барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов Ресей Ғылым Академиясының президенті Александр Сергеевке оқыған дәрісі үшін алғыс білдіре келіп, Ғылыми кеңестің шешімімен "Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Құрметті профессоры" атағын тапсырды.

Өз кезегінде сөз алған ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов Ресей Ғылымдар Академиясының президенті Александр Михайловичке еліміздегі ең жетекші оқу орнында оқылған дәріс мәнді де маңызды болғанын атап өтті және ынтымақтастыққа шақыра отырып, естелік-сый тапсырды.