Жаңалықтар

Қостанай облысынан Ресейге сүт өнімдерінің экспорты артты

19.11.2018

Биыл Қостанай облысы Ресейге тасымалданатын сүт өнімдері экспортын 4 есеге ұлғайтты. Және  таралым аумағы да кеңейе түскен.

Мамандардың айтуынша, қазақстандық азық-түлікке  сұраныстың артуына бірден-бір себеп, оның экологиялық тазалығында.

Қостанайдағы мынау кәсіпорын 70-тен астам түрлі сүт өнімдерін шығарады. Жоғары технологиямен өндірілген ірімшік, қаймақ, майы еліміздің барлық аумағына жіберіледі. Соңғы екі-үш жылда олар Ресей нарығын да жаулай бастаған.

Елена  Кох, сүт фабрикасының менеджері:

– Күніне 200 тонна сүт өнімдерін өндіреміз.Соның шамамен 15 пайызы Ресейге экспортталады. Қазір Мәскеуден бастап, Орал аймағы, Шығыс Сібір өңірлеріне дейін таратып отырмыз.

Қостанайда кешке тиелген сүт өнімдері таң ата Ресейдің дүкен сөрелеріне жеткізіледі. Мұндағы кәсіпорын өкілдіктері сауда орындарының тапсырысы бойынша ғана жұмыс істейді.Яғни қанша әкелінеді, сонша өткізіледі.

Константин Киселев, сауда бөлімінің басшысы:

– Алғашқыда 100 сауда орынына жеткізіп тұрдық. Одан кейін 150-ге көбейді. Бүгінде Челябінің өзінде 500-ден астам сауда орындарына таратамыз. Қостанайда өндіріліген сүт өнімдеріне сұраныс соңғы жылда 4 есеге артты.

Олар мұнымен шектеліп қалмақ емес, жақын аралықта Қорған, Свердлов облыстарына да  шығармақ ойлары бар. Қостанай сүт өнімдері таза, әрі сапалы екендігін қарапайым ресейлік тұтынушылар да  растайды.

Татьяна Гургурова, Челябі қаласының тұрғыны:

– Ең бастысы ешқандай қоспасы жоқ, Тез ашып кетпейді, бұзылмайды. Сүт, қаймақтан басқа осы жерден күн ара балаларға йогурт, балмұздақ аламын. Өте дәмді.

Челябі облысында өткізілетін сүт өнімдерінің көлемі бойынша  қостанайлық кәсіпорын үздік үштікке кіреді екен. Оңтүстік Орал аймағының өзінде сүт өндірушілер аз еместігін ескерсек, бұл айтарлықтай жетістік.