Жаңалықтар

Ресейдің Челябі облысында өткен көркемсөз оқу байқауында қандастарымыз лауреат атанды

16.10.2018

Челябі облысында түркі тілдерінде көркемсөз оқудан бірінші рет өткен ашық облыстық байқауға сол өңірде тұрып жатқан қазақ қандастарымыздың балалары да қатысты.

"Бірінші рет өтіп отырған байқау алдымен ана тілді сақтауды және таланттарды іздеуді мақсат тұтты. Сонымен қатар көрермендер назарын түркі халықтарының отандық және әлемдік әдебиеті шығармаларына аудару болды", – дейді Челябідегі "Жақсылық" қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Юлит Байдәулетова.

Байқау Челябі облысының үш өңірінде Агапов ауданында, Қунашақ, Бакал қалаларында қатар өткен. Агаповта өткен байқауға Магнитогор қаласы мен Чесма, Нағайбақ, Қызыл аудандарында тұратын қандастарымыздың балалары қатысты. Онда проза мен поэзия аталымдары бойынша татар, башқұрт, қазақ, азербайжан, тәжік, түрік ақын-жазушыларының шығармалары оқылды.

Көрермендер қазақ балалары оқыған Абай шығармаларын тыңдады. Мектеп оқушысы Жәдігер Нұрымов Жұбан Молдағалиевтың "Мен – қазақпын" поэмасынан үзіндіні өте көркем оқып, көрермендердің қошеметіне бөленді, лауреат атанды. Сонымен қатар Крыловтан Абай аудармасын оқыған Мыңбаева Әлия мен оны дайындаған мұғалімі Гүлсара Тұрғынова да жеңімпаздар қатарынан көрінді. Төменгі сынып оқушылары да қазақ тілінде өлеңдер оқыды.