Жаңалықтар

ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Екінші Еуразиялық әйелдер форумына қатысты

20.09.2018

Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесі мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы ұйымдастырған форумға Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, халықаралық ұйымдар жетекшілері, сондай-ақ әлемнің 100 елінен 500-ден астам өкіл қатысты.

Қазақстан делегациясының құрамына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері кірді.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Әлем. XXI ғасыр" манифесіндегі: "Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін үкіметтердің, саясаткерлердің, ғалымдардың, бизнесмендердің, өнер қайраткерлерінің және бүкіл әлемдегі миллиондаған адамның күш-жігерін жұмылдыру қажет" деген сөзіне назар аударды.

Мемлекеттік хатшы тұрақты және әділетті қоғам құру үшін әйелдер экономика өмірінің барлық саласына толыққанды атсалысуы қажет екенін атап өтті.

– Бүгінде біздің еліміз Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөліп отыр. Біз Тәжікстан мен Қырғызстандағы қақтығыстарды жоюға атсалыстық, Иран мен Сирия жөніндегі келіссөздер үшін алаң ұсындық, – деді Мемлекеттік хатшы.

Форум аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова "БҰҰ-әйелдер" ұйымының атқарушы директоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фумзиле Мламбо-Нгкукамен және "Әйелдер жиырмалығының" (W20) негізін қалаушы әрі президенті Гюльден Тюрктанмен екіжақты кездесулер өткізді. Онда өзекті әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық проблемалар, сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатымен әйелдердің мүмкіндігін одан әрі арттыру, халықаралық және өңірлік бастамалар көтерудегі рөлін күшейту мәселелері талқыланды.