Жаңалықтар

"World Food Moscow" азық-түлік көрмесіне қазақстандық 15 компания қатысуда

18.09.2018

Мәскеу қаласында "World Food Moscow" деп аталатын халықаралық азық-түлік көрмесі өтіп жатыр.

Бұл шараға 10-нан аса қазақстандық кәсіпорын қатысып, 100 шақты өнім түрлерін таныстыруға мүмкіндік алды. Отандық тауар өндірушілер "Қазақстанда шығарылған азық-түлік сапалы әрі пайдалы", – дейді. Сондықтан олар өз өнімінің Ресей нарығында сұранысқа ие болатынына сенімді.

Мәскеудегі азық-түлік көрмесінде ішіп-жемге керек заттың барлығы бар. Сөреде тұрған тауардың санынан көз сүрінеді. Алайда, сатып алушылар үшін бастысы сан емес, сапа. Сондықтан, ірі-ірі азық-түлік дүкендер желісінің өкілдері, әрбір өнімді мұқият зерттеп, бағасын біліп, келіп-кетер пайдасын есептейді.

Егер келіссөз сәтті өтсе, шығарған затыңызға алып нарық ашылды дей беріңіз. Себебі, бұл жердегі негізгі сатып алушылар – ресейлік дистрибьюторлар. Көрмеге елімізден 15 компания қатысып жатыр. Отандық өндірушілердің айтуынша, бұл жер – жаңа әріптес тауып, өз тауарыңды өткізуге таптырмайтын алаң саналады.

"World Food Moscow" азық-түлік өнімдеріне арналған Ресейдегі ең ірі көрме саналады. Бұл шараға әлемнің 65 мемлекетінен келген 1500 компания қатысып жатыр. Тараптар, алдағы үш күн бойы нарықтағы жаңа өнімдермен, тың технологиялармен танысып, нақты келісcөздер өткізеді. Сонымен қатар, көрме аясында осы саланың қыр-сырын жақсы білетін 100-ге тарта сарапшының қатысуымен түрлі конференциялар болады.