Жаңалықтар

Рудныйда Челябі облысындағы қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті

17.08.2018

Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ана тілін үйрету ісінде Челябі облысындағы қазақ диаспорасына "Қазақ диаспорасына ана тілін үйретуде ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсету" тақырыбында "дөңгелек үстел" мәжілісін өткізді.

Аталған басқосуда Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі, төраға орынбасары Бибігүл Аққожина, облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бөлім меңгерушісі Кенжеғали Бимағамбетов, облыстық қоғамдық келісім Кеңесінің төрайымы, ақын Александра Суслова, Челябі мемлекеттік университеті Қостанай филиалы директорының орынбасары Әлімжан Бекмағамбетов, Челябі облысының білім және ғылым министрлігінің өкілі Евгения Маркина, Челябі білім беру қызметкерлерінің біліктілігін көтеру және қайта даярлау институтының кафедра меңгерушісі Татьяна Соловьева, Челябі облысындағы "Жақсылық" қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрайымы Юлит Байдәулетова сөз сөйледі.

"Дөңгелек үстел" барысында Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекенова  қатысушыларға жылы лебіз білдірді. Басқосуда еліміздегі тіл реформасы және жалпы тіл үйрену, ана тілін сақтаудағы көрші екі елге, екі ұлтқа ортақ мәселелер, сонымен қатар Қазақстандағы қазақ тілі әліпбиінің  латын харпіне көшірілуі, оның жүзеге асуы туралы айтылды.

"Қазақ тілі әліпбиінің латынға көшірілуі уақыт талабы. Одан қазақ тілінің өзіне келетін ешқандай нұқсан болады деп ойламаймын. Мен орыс адамымын, Қазақстанда орыс тіліне төніп тұрған қауіпті көріп отырған жоқпын. Тіл үйрену кез келген адамның байлығы, соны білуіміз қажет. Ал өзің  отаным деп санап, өмір сүріп отырған елде сол елдің мемлекеттік тілін білу парыз", – деді облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Александра Суслова.

Челябі облыстық Білім және ғылым министрлігі негізгі, орта және жалпы білім беру бөлімінің кеңесшісі Евгения Маркина қазақ диаспорасы өкілдерінің ана тілін үйренуіне облыста ешқандай кедергінің болмайтынын, қайта осы істе бірлесіп қызмет етуге дайын екенін жеткізді. Челябі мемлекеттік унивесритеті Қостанай филиалы директорының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты Әлімжан Бекмағамбетов Елбасының мақаласына сәйкес "Рухани жаңғыру" бағдарламасының маңызына тоқталды. "Әркім тіл үйренуді, уақыт талабына қарай жаңғырып, жаңаруды өзінен бастауы қажет. Тіл үйрену – қажеттілік. Қазақ тілі әліпбиінің латын харпіне көшірілуіне уақыт итермелеп отыр. Қазір төртінші өнеркәсіп революциясы кезінде цифрландыруды латын харпінсіз қалай елестете аламыз? Дүние жүзінде 80 пайыз ел осы харіпті пайдаланады", – деді Әлімжан Бауыржанұлы. 

Ресейден келген қонақтар қазақ тілін оқыту бойынша көкейде жүрген сауалдарын ортаға салып, пікір алмасты. Әңгімені қорыта келе тіл үйретуде шекаралас екі облыстың тіл мамандары ынтымақтаса жұмыс істеуге келісті.

"Егемен Қазақстан"