Жаңалықтар

Ғылыми экспедиция Ресейде орналасқан Жәңгір ханның жазғы ордасында болды

19.07.2018

Батысқазақстандықтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ресей жеріндегі Жәңгір ханның жазғы ордасында болып қайтты.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ұйымдастырған «Хан бөгеті» халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясы Ресейдің Волгоград қаласы мен Палласов ауданында болып, зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Топ жетекшісі, университет жанындағы Жәңгір хан музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов мәлім еткендей, сапар мақсаты орындалды.

Алдымен Волгоград мемлекеттік аграрлық университетіндегі әріптестерімен жүздескен батысқазақстандықтар Жәңгір ханның ізі қалған жерлерді бірігіп зерттемекке уағдаласты. Волгоград аграрлық университетінің қосымша білім беру және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Елена Патрина өзара тиімді байланыстың маңызы зор екендігін атап көрсетті. Волгоградтық ғалымдар соның ішінде Жәңгір ханға байланысты мағлұматтарға қызығушылық танытқан.

«Жәңгір ханның жазғы ордасы мен «Хан бөгеті» туралы тарихи деректер бұрыннан белгілі тұғын. Палласов ауданы тұрғындарымен кездесіп, пікірлесе келе, осы мәліметтер толықтай  дәлелденді», - деді Нұржан Төлепов.

1843 жылы көктемде Жәңгір ханның өзі мекендейтін аумақты кеңейте түсу мақсатында Тарғын өзені бойынан бөгетті салып бітіргені мәлім. Жаз мезгілінде төрт түлік малдың емін-еркін жайылып, тойынуы үшін мұндай құрылыстың маңызы зор еді. Сол жерден жазғы ордасын да тұрғызды. 1845 жылы 11 тамызда Жәңгір хан Тарғын өзені бойындағы резиденциясында кенеттен өмірден өтеді. Жаз кезінде сүйекті ұзақ жолға алып жүруге болмайтындықтан, аманат есебінде әуелі осында жерленеді. Кейін қазіргі Бөкей ордасы ауданына қарасты өзі салған Хан ордасы маңындағы Хан зиратынан мәңгілік қоныс табады.

Хан бөгеті Палласов қаласынан - 15, Савинка ауылынан шамамен 5 шақырым қашықтықта орналасқан. Ұзындығы 27 км бөгет кейін Хан су қоймасы болып картаға енген. Жәңгір хан заманында Еділ бойында бөгеттер болған жоқ. Сондықтан Хан бөгетінің салынуы нәтижесінде су Қараөзен мен Сарыөзен арқылы Бөкей хандығына қарай ағып, жайылым мол болған. Сол секілді кейін қымызбен емдейтін орынға айналған елді мекенде Жәңгір хан тұрғызған жеті ғимараттың үшеуі сақталған.

Қазіргі кезде ем қабылдайтын орын есебінде пайдаланылатын бір ғимарат қызыл таспен сыртынан қайта қаланған. Қалған екеуі ағаштан жасалған күйінде әлі тұр. Мұндағы төре таңбалары, қазақы ою-өрнектер Жәңгір хан мұрасы екендігін әйгілеп тұр. Оған қоса көне құлпытастардың төре тұқымына жататын адамдарға қойылғаны көрінеді. Қазіргі кезде Савинкаға қосылып кеткен Бурсы деген ауыл бар, арасын көпір болып тұр. Палласовпен шектесетін Батыс Қазақстанның Жәнібек ауданында Борсы деген ауыл бар екендігі мәлім. Сондай-ақ қазіргі қымызбен емдейтін орында атақты ақын Шәңгерей Бөкеев те  тұрған. Бұрын картада Шәңгерей деп аталатын мекен бар-тұғын, ол қазір орысшаланып, Смычка болып кеткен секілді.

«Біздің мақсатымыз Жәңгір ханнан қалған тарихи орындарды мемлекет қамқорлығына алуға ықпал ету еді. Сол секілді Хан бөгетін ашық аспан астындағы жәдігер, Жәңгір ханның жазғы ордасын музей жасаса да болар еді. Бұған, әрине, халықаралық деңгейде қолдау керек. Көне құлпытастардағы жазуларды батысқазақстандық мамандар Мұратбек Жахатов пен Қазыбек Құттымұратұлына оқытпақшымыз. Экспедиция қорытындысына сәйкес Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры Асқар Наметовтің қолдауымен арнайы монография шығармақшымыз. Бұған Волгоград мемлекеттік аграрлық университетінің ғалымдары да материалдарын жіберетін болып келісті. Осы бағыттағы жұмыстарымызды болашақта жалғастыратын боламыз», - деді Н.Төлепов.

Еске сала кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Хан бөгеті» халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясының сапарға шыққанын бұдан бұрын жазған болатынбыз.