Жаңалықтар

Енді қарапайым салық төлеушінің қарызы сотсыз өндіріледі

18.07.2018

Салық төлемегендер ұшаққа билет сатып алады. Бірақ, ұшып кете алмайды.

1 шілдеден бастап салығын уақытылы төлемегендер жалақыдан қағылады, шетелге шыға алмайды. Бұл шара қанша қарызы бар адамға қолданады?

Көпшілік салықты мәжбүрлі түрде емес, өз еріктерімен төлегенді қалайды. Ол үшін әрбір жеке тұлға өзінің қарызының бар-жоғын тексеріп отыруы керек. Уақытында төлеуді ұмытып кету деген болуы мүмкін ғой.

Осындай жағдайдың барлығы ескеріліп, жаңа салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Салықшыларға қарыздан жалтарғандарды жаппай жазалау мүмкіндігі берілді. Олар осы тәсілі арқылы ақшаны қазынаға қайтарамыз деп сеніп отыр. Сондықтан, сот үкіміне селсоқ қарайтындар соңында бармақ тістеп қалуы әбден мүмкін.

Салықтан жалтарған заңды тұлғаларға, кәсіпкерлерге, әрі жеке тұлғаларға қолданылатын жаза әр түрлі. Соның ішінде жеке тұлғаларға қатысты бөлігін қарастырсақ.

Борышкерлерге банктер қызмет көрсетпейді

Салық төлемегендер "отпен" ойнап жүр. Бұдан былай Салық кодексінің 24-бабына сәйкес салық төлемегендер банк карталарымен қандайда да бір төлемдерді жасай алмайды. Берешегін өтегенше есепшот аша алмай, енді кері қайтады. Сондай-ақ, борышкерлерге жалақы картасы да рәсімделмейді. Әрі онлайн сауда-саттық жасау, құнын бөліп төлеуге болатын тауар алу сияқты мүмкіндіктерден айырылады.

– Егер салық төлеуші кәсіпкерлік қызмет үшін, әлде басқа мақсаттарымен банктік шотын ашуға ниет етсе, салықтық берешегі жоқ екеніне көз жеткізуі керек. Банк қызметкерлері сізге қызмет көрсетпес бұрын ең алдымен сіздің салықты төлегеніңіз туралы деректі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтер базасынан қарай алады. Берешегі барлардың банк картасы бұғатталады. Осыған дейін салық төлемегендер емін-еркін жүретін. Енді олар қайткен күнде де қарызы болса, міндетті түрде төлеуі керек, – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз хатшылығының бас сарапшысы Айнұр Сартаева.

Есепшотыңыз бұғатталса, төлемеген қарызыңыз бар

"Елордада Сарыарқа ауданының 70 мыңнан аса тұрғыны салықтан қарыз, айыппұлдарын төлемеген. Шілдеде енген өзгерістер бойынша олар жалақысыз қалуы мүмкін. Астана қаласы мемлекеттік кіріс басқармасы 1000 адамның есепшотын бұғаттап, салдарынан олар шетелге ұшып кете алмаған" деп хабарлады мемлекеттік кірістер басқармасы.

Салық бойынша қарызы 48 мыңнан асқандар шекарадан да әрі аса алмайды

Төлемеген салығы 20 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) асып кетсе, борышкердің ісі сот орындаушысына жіберіледі. Бұл жерде 1 АЕК – 2405 теңге екенін еске сала кетейік. Сонда 48 мың 100 теңгеден аса салықтық қарызы барлар шекарадан әрі аса алмайды.

Сот орындаушылары борышкерлер тізімін Әділет министрлігінің сайтында жариялайды. Солардың қатарында бар, жоқ екеніңізді алдын ала білуге болады. Демалысты жоспарлар алдында, ұшаққа билет алар кезде өзіңіз туралы мәліметтерді ыждағаттап тексеріп, егжей-тегжейлі біліп алған дұрыс.

Еш кедергісіз шетелге шығу үшін, салықты уақтылы төлеген жөн. Әйтпесе, тура шетелге кететін уақытта өтелмеген берешегіңіз туралы біліп тұрсаңыз, алған билетіңіз "күйіп кетеді".

ҚР шекарасынан өтуі уақытша шектелген тұлғалардың тізімінде бар немесе жоқ екеніңізді білгіңіз келсе, мына нөмірлерге хабарласуыңызға да болады: 8 (7172) 74-04-92, 74-06-33.