Жаңалықтар

«Kazakh Tourism» компаниясы экспедиция ұйымдастырмақ

17.07.2018

Астана қаласының 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Қазақстанның ең маңызды табиғи нысандары бойынша экспедиция ұйымдастырмақ.

Жаңа туристік бағыттарды қалыптастырып, табиғи, тарихи, киелі мекендерді зерттеу мен ішкі туризм мен инфрақұрылымды дамытуды көздеген экспедиция 2018 жылғы 18 шілде мен 29 қыркүйек аралығында 6 бағыт бойынша 6 туристік кластерді қамти отырып, маңызды табиғи нысандарға бару арқылы өткізіледі. Бағыттар: «Тянь-Шань маржаны» – Алматы облысы; «Алтай – өркениет бесігі» – Шығыс Қазақстан облысы; «Жоңғар Алатауы» – Алматы облысы; «Сарыарқа» – Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары; «Теңізден теңізге дейін» – Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары; «Жаңа Жібек жолы» – Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары. «Біз қазақстандықтардың туған жерімізді, ата-бабамыздың мұрасын тануға қызығушылығы артып келе жатқанын байқап жүрміз. Еліміздің табиғаты ерекше – мұнда тау да, жазық та, көл де, өзен де бар. Сондықтан біз Алтайдан Жібек жолына дейінгі аралықты қамтитын экспедицияны ұйымдастырып отырмыз. Кәсіби мамандардан құралған топ еліміздің ең тартымды жерлерін аралап, олар туралы қазақстандық және шетелдік ту­ристерге баяндайтын болады. Сонымен қатар сол жерлердегі туризмді әрі қарай дамыту үшін қажетті инфрақұрылымдық шешімдерді табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы  Рашид Күзембаев. Экспедицияға 140-қа жуық адам қатысады. Олардың қатарына кәсіби гидтер мен тәжірибелі саяхатшылар, журналистер, тревел-блогерлер, сондай-ақ депутаттар мен медиа тұлғалар кіреді. «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша National Geographic Ресей тобы да қатысады.

Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары туралы жаңа туристік бағыттар, сапалы фото және видеобанктер құрылады, олардың қазіргі күйі туралы өзекті ақпарат алынады. Сонымен қатар экспедиция барысында қамтылған табиғи нысандар бойынша иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады.