Жаңалықтар

Ақтөбеде өткен халықаралық симпозиумға Ресей азаматтары қызығушылық танытты

16.07.2018

Ақтөбеде облыстық өнер музейінің ұйымдастыруымен бір апталық «Plein Air Aktobe» халықаралық кескіндеме симпозиумы өтті.

Кескіндеме жанрына, қалалық пейзаждарға қызығушылықты қалыптастыру, облыстық өнер музейі қорын симпозиум қатысушыларының туындыларымен толықтыру мақсатында ұйымдастырылған шараға Башқұртстан, Татарстан, Ресей Федерациясының Пермь, Орск, Тамбов қалаларымен қатар еліміздің өзге де өңірлерінен жиналған қылқалам шеберлері қатысты.

Облыстық өнер музейінің ғылыми қызметкері Іңкәр Әлібекованың айтуынша, бұл —Ақтөбеде осымен үшінші рет өткізіліп жатқан халықаралық симпозиум.

— Бұған дейін облыстық өнер музейінің ұйымдастыруымен халықаралық симпозиум 2011 және 2015 жылдары өткен болатын. Бұл жолы Астананың 20 жылдық мерейтойына орай еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосу, өзге елдер арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты дамыту тұрғысында өтіп жатқан симпозиумның кез келген қылқалам шебері үшін маңызы зор, — дейді І.Әлібекова.

Бір аптаға жалғасқан шара барысында суретшілер түрлі шеберлік сағаттарын өткізіп, Ақтөбенің көрікті тұстарын аралады. Суретшілерге қойылған басты талап — Астана мен Ақтөбенің көрікті жерлері бейнеленген екі картинадан ұсыну.