Жаңалықтар

Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына бүгін - 160 жыл

11.07.2018

1858 жылы Ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, тарихы әрі ғұлама ойшыл, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлы дүние есігін ашқан. Ақынның туғанына бүгін тура 160 жыл толып отыр.

Шәкәрім Құдайбердіұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбайұлының қолында тәрбиеленген. Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына осы жағдайдың зор әсер еткенін айта кету керек. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білген ол жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағытты ұстанған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған.

Орыс, батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырған ақын Лев Толстойдың шығармашылығын аса жоғары бағалап, өз халқын дүние жүзінің озық мәдениетін игеруге шақырған. Өзін ғұмыр бойы Л.Толстойдың шәкіртімін деп санап, онымен хат жазысып тұрған. Америка жазушысы Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін, А.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударған. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлаған. Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болған. Бұл орайда 20-шы ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болып, Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білген. Абайдың реалистік дәстүрлерін жалғастырып, эпикалық жанрдың дамуына үлкен үлес қосқан. Шығармаларында демократиялық, халықтық және гуманистік көзқарастырды насихаттаған. Таза да жарқын махаббатты жырлай отырып, бас бостандығы идеясын алға тартқан, оның асыл мұраттары үшін күреске шақырған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1931 жылы бандылармен байланысты деген жалған айыптаумен кеңес қарулы топ мүшелерінің қолынан өлім құшады. Араға алпыс жылға жуық уақыт салып қана ақын аты ақталды.