Жаңалықтар

Қазақстанда жаңа облыс пайда болды

19.06.2018

Бүгін Елбасы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Жарлығына қол қойды.

Мемлекет басшысы Жарлыққа жария түрде қол қою салтанатында Шымкенттің Астана мен Алматы секілді тұрғындарының саны бір миллионнан асатын қалаға кіргенін атап өтті.

Осылайша Шымкент республикалық маңыздағы шаһарға айналып, облыс орталығы болып Түркістан бекітілді. Облыс атауы да Түркістан облысы болып өзгертілді.

Президент сонымен қатар, жаңа шешімнің тарихи маңызына да тоқталды. «Шымкент инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды біздің елге ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына тартатын жаңа орталық болады. Бұған қажет барлық шарттар мен әлеует бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Шымкенттің республикалық мәртебе иеленуі оның әрі қарай дамуына жағдай жасап, қалаға жаңа да айрықша мүмкіндіктер ашатынына сенімді екенін айтты.

«Бұл қадам қаланың қалыпты әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына тұрақты серпін беріп, бүкіл аймақ тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға жағдай жасайды», - деді Президент.