Жаңалықтар

Қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов Алматыға келді

17.05.2018

Ардагер баскетболшы командаласы Иван Едешкомен бірге спорт және туризм академиясында болып, студенттермен жүздесті. Алдымен саңлақ спортшы жайлы деректі фильм көрсетіліп, ардагерлер 1972 жылғы Мюнхен олимпиадасын еске алды. Әлжан Мұсұрбекұлы ел спортының басшылары елге шақырып жатса, қуана келетінін жеткізді.

Дәл осы қазақ спортының қара шаңырағында 2011 жылы қыркүйек айында Әлжан Жармұхамедов атындағы баскетбол академиясы ашылған болатын. Қазір мұнда жаттығатын жас өрендердің саны 3 есе көбейген. Академияны бітіргендердің алды спорт шебері атанды. Кездесуден кейін ардагер баскетболшылар академия өрендеріне шеберлік сабағын өткізді.

Әлжан Жармұхамедов, баскетболдан олимпиада чемпионы:

– Қазір тек Қазақстанда ғана емес бұрынғы одақ елдерінің баскетболы ақсап тұр. Ал қыруар қаржыға  шет елден ойыншы  шақырып алысқа бара алмаймыз. Жастардың болашағын ойлар болсақ, алдымен балалар баскетболына өріс ашу қажет. Дәл осындай жастар академиясын еліміздің барлық өңірлерінде ашып, жас өрендердің қызығушылығын арттыруымыз керек.