Жаңалықтар

Қазақстан Сочи қаласында басталған "Атомэкспо" форумына қатысуда

15.05.2018

"Ғаламдық әріптестік – ортақ табыс". Ресейдің Сочи қаласында басталған "Атомэкспо" форумының биылғы басты тақырыбы – осы. Бұл жиынға атом саласында жұмыс істейтіне әлемнің алпауыт корпорациялары жиналды. Форум кезінде атом өнеркәсібіндегі жаңа технологиялар таныстырылып, білікті мамандар осы саланың дамуы жайлы өз пікірлерімен бөліседі. Шараға Қазақ елі де қатысып жатыр.

Әлемдік атом өнеркәсібі саласындағы ең ірі шаралардың бірі саналатын "Атомэкспо" көрмесі биыл 10-шы мәрте өтіп жатыр. Сочи қаласына атом өндірісін бүге-шігесіне дейін білетін 3000 мыңнан аса маман жиналды. Олар алдағы бірнеше күн бойы осы саланың қазіргі хал-ахуалы мен келешектегі даму бағыттарын талқылайды.

60 мемлекеттен келген 600 компания. Әрқайсысының атом саласында өз орны бар. Олар форум барысында көрме өткізіп, жаңа өнімдерін көпшілікке таныстырып жатыр. Отандық "Қазатомпром" компаниясы да Сочи қаласына бірнеше қазақстандық технологияны ала келді. Солардың бірі әрі бірегейі аз шығынмен, көп уран өндіруге арналған мобильді кешен. 

Бауыржан Ибраев, "Қазатомөнеркәсіп" ҰК" АҚ Ядролық-отын циклы және атом энергетикасы жөніндегі бас директоры:

– Біздің мобильді кешеніміз өте кішкентай ресурсы бар кен орындарына арналған. Ол үшін арнайы электроқұбыр, жол салу қажет емес.  Локальды мобильді кешен. Бүгінгі таңда оған Сауд Арабиясы, Моңғолия, Чехия, Украина сынды мемлекеттер қызығушылық білдіріп жатыр.

Форум барысында әлем бойынша атом станцияларын салу, ядролық технологияларды пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті сақтау сынды түрлі тақырыпқа арналған конференциялар өтіп жатыр. Яғни, бұл жиын жаңа келісімдерге қол қойып, тың нарықты игеруге таптырмайтын алаң саналады.

Евгений Пакерманов, "Русатом Оверсиз" АҚ президенті:

– Біз өз клиенттерімізге кешенді қызмет түрін ұсынамыз. Яғни, атом станциясының жұмысына қажетті барлық өнімді бере аламыз. Ол дегеніміз, уранды өндіріп, өңдеп, одан энергетикалық отын дайындап, атом станцияларын салу және оған сервистік қызмет көрсетіп, нысанның жұмыс мерзімі біткенде заласыздандыру. Бір атом станциясының мұндай өмірлік циклы 100 жылға созылады.

Әлем бойынша қуат көздеріне деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Сондықтан, атом өндірісінің маңызы да күн өткен сайын артпаса, кемімейді. Мамандардың айтуынша, 2030 жылға қарай атом энергетикасын қолдану 30 пайызға көбейеді. Яғни, әлемдегі үздік корпорациялар арасындағы бәсеке де күшейеді деген сөз.